​Шымкентте 3 мыңнан астам азамат грант ұтты

0
628

Осы кезге дейін 500 үміткер қаржысын алды.


​Шымкентте 3 мыңнан астам азамат грант ұтты

Шымкент қаласында өз кәсібін бастаушыларға «Бастау бизнес» жобасы аясында мемлекеттік гранттар бөлініп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жоба аясында өз бизнесін бастағысы келетін азаматтар кәсіпкерлік негіздерін 21 күннің ішінде тегін оқиды. Пандемияға байланысты биыл оқу онлайн режимде өтуде. Мемлекеттік гранттан үміткер алдымен арнайы тест тапсырады. Одан оң нәтиже көрсетсе, сертификат беріледі. Сосын барып, өз бизнес жоспарын комиссия құрамына ұсынады. Бизнес жобасы халық үшін пайдалы болса, арнайы 505 600 теңге грант ұтып алады.

"Биыл Шымкент қаласында өз кәсібін бастаушыларға «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 491 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 1 420 адамға грант берілген. Оның 901-і аз қамтылған отбасылардың мүшелері. Ал, 90-ы көпбалалы аналарға берілді, - дейді Қалалық жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Дәурен Дүйсебаев.

3 423 орынға аз уақыт ішінде 7 мыңға жуық қала тұрғыны құжат өткізді. Биыл 1-2 қыркүйек күндері өткен комиссия отырысында 1 022 адамның өтініші бойынша оң шешім қабылданып, оларға мемлекеттік грант тағайындалды. Осы кезге дейін 500 үміткер қаржысын алды.


"Мен осы жоба аясында мемлекеттен грант ұтып алып, өзімнің ойымда жүрген балаларды оқыту және дамыту орталығымды аштым. Бастапқы салым үшін маған аз да болса көмек болды. Қыркүйек айынан бастап өз жұмысымызды бастадық. Алдағы уақытта «Өрлеу» бағдарламасына да қатысып көрсек дейімін", - дейді кәсібін бастаушылардың бірі – Мөлдір Сейдган.

Айтып өтейік, мемлекеттен берілген қаржыны арнайы құрылған мониторингтік топ тексеріп отырады.


"Мен өзім де өткен жылы «Бастау Бизнес» орталығында оқып, өз бизнес жоспарымды құрдым. Одан мемлектік грант ұтып алған соң, қалада жұмыссыз жүрген 20 азаматты өзімнің тігін шеберханамда оқытып, оның 10-ын жұмыспен қамтып отырмын", - дейді өзіне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың тағы бірі Мөлдір Нұрмаханова.


Биылдан бастап аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар «Бастау бизнес» жобасының сертификатынсыз да грантқа тікелей үміткер бола алады.

Бизнес бастауға ниетті азаматтар шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетілген көмекті ұтымды пайдалана білуде. Кәсіпкерлер мемлекет қолдауының арқасында табыстарының еселене түсеріне сенімді.