Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 4 жағдай тіркелді.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов қаладағы эпидемиологиялық ахуал және емханаға тіркелу науқанының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізде 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығындағы емханаларға тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан аяқталды. Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, осы кезеңде қалада медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын 19 мыңнан аса адам пайдаланды: 14 – мемлекеттік емхана, қалғандары – жекеменшік емханалар.
Б.Позиловтың айтуынша, қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 4 жағдай тіркелді. Қалада оқушылар арасында COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқас тіркелген жоқ.
– 2 қарашадан бастап «Қазмедприбор» жасанды тыныс алдыру аппараттарын (ИВЛ) шығаруды бастаған болатын. Күніне 20-25 аппарат шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінге дейін 88 ИВЛ аппараты шығарылды. Бір айта кетерлігі, отандық өнімнің бағалары қолжетімді, тәулік бойы сервистік қызмет көрсетіледі, – деді Б.Позилов.
Сондай-ақ, басқарма басшысының міндетін атқарушысы қалада иісті газбен улану жағдайлары азаймай отырғанын мәлімдеді. Қала тұрғындарына сақтық шараларына мән беруге, жылыту жүйелерін мамандарға тексертіп алу керек екенін айтты. Жалпы қалада 1 қазаннан бастап, күніне 2 адамнан иісті газбен улану оқиғалары тіркелуде.