Шымкентте 89 емхана МӘМС арқылы қызмет көрсетеді

0
611

​МӘМС ЕСЕБІНЕН ҚАНДАЙ СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІН АЛУҒА БОЛАДЫ?


Шымкентте 89 емхана МӘМС арқылы қызмет көрсетеді

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында қазіргі таңда МӘМС бойынша 89 стоматологиялық мекеме қызмет көрсетуде.

Өткен жылы қала тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 500 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілген. Клиникалардың тізімімен Қордың fms.kz сайтында танысуға болады.МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегі халықтың белгілі санаттарына қол жетімді.

Атап айтқанда, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады. Шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.
Жоспарлы стоматологиялық көмек шеңберінде тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар, тісжегіні емдеу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу көрсетіледі.
Шұғыл стоматологиялық көмек бойынша күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті, невралгияны, невритті, стоматиттің өткір түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу, абсцессті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау, жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту, қатерсіз өсінділер мен эпулисті алып тастау және еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері науқасқа амбулаториялық жағдайда көмек көрсету қауіптілігін анықтаса, ол науқастан бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы.
МӘМС жүйесі бойынша сондай-ақ ортодонтиялық көмекті де алуға болады. Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалиялары бар аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.
Тіс дәрігеріне көріну үшін емханадан жолдама талап етілмейді.