Ақ халаттылар сөзіне сенсек бұл ауру спирттік ішімдік, шылым шегу, стресс пен тұқымқуалаудан пайда болады.
Шымкентте алғаш рет қолқа күретамырына стент орнату отасы жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы кардиологтар келген. Қолқа күретамырының кеңеюі әсіресе жүрек қан тамыры ауруымен ауыратын азаматтарда кездеседі. Негізінен симптомсыз жүретін індеттен аман қалу қиын, дейді дәрігерлер.
- Біз бүгін 60 және 70 жастағы қарияларға ота жасадық. Барлығы сәтті өтті. Осыдан кейін бұл отаны енді Шымкентте де жасай береді. Өңірлік ақ халаттылар біліктілігі жақсы. Айта кетейік, бұл аурудан аман қалу оңай емес. Күретамыр жарылса, науқас айналдырған 2-3 минутта көз жұмуы мүмкін. Ал, аурудың бар екені тіпті білінбейді. Тек, шегіне жеткенде жарылып, соңы ота жасауға әкеледі,- дейді Нұр-Сұлтан қаласының кардиологы Мұрат Әріпов.
Айтпай келетін аурудың емі бұған дейін Нұр – Сұлтан және Алматы қалаларында жасалып келсе, ендігіде ота Шымкентте де жүргізіледі. Осылай деген ақ халаттылар операцияның ақысыз жасалғанын айтады. Бастысы, науқасқа лайықты стенд табылса болды.
Айта кетейік, жүрек қан тамыры ауруына шалдығатын азаматтардың 67 % ерлер. Ақ халаттылар сөзіне сенсек ауру спирттік ішімдік, шылым шегу, стресс пен тұқымқуалаудан пайда болады.