Дәрігерлер жеті сағат бойы бас сүйегіндегі ісікті алып тастау үшін ашық түрде ота жасады.
Шымкент қаласындағы клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері алғаш рет мидың қатерлі ісігіне күрделі ота жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Білікті мамандар ұжымы жеті сағат бойы бас сүйегіндегі ісікті алып тастау үшін ашық түрде ота жасап, науқасты ажалдан арашалаған.
Науқас 16 жастағы жасөспірім қыз. Ол осы жылдың 15 ақпанда өткен қалалық клиникалық балалар ауруханасының «Ашық есік күні» онкогематологтың қабылдауында болған. Денсаулығын бақылаған дәрігерлер шұғыл түрде аурухананың жансақтау бөліміне жатқызған.
Ауыр халдегі науқасты дәрігерлер жағдайын тұрақтандырып, диагностикалық тексеруден толық өткізген. Мамандар жасөспірімнің өмірін аман алып қалу үшін ота жасауға шешімге келген.
Күрделі отаны жоғары санатттағы нейрохирург Самат Көкшибаев пен Таңсық Абдуллаев сәтті жасап шықты.
Нейрохирургтың сөзінше, бас сүйекке жасалған ота жаңадан алынған қондырғының көмегімен жүзеге асқан.
– Науқас онколог пен нейрохиург дәрігерлерінің қарауында болды. Оған 17 ақпан күні ота жасадық. Мұндай ота қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет өтті. Ауруханаға жергілікті бюджет есебінен жаңа микрохиургиялық аппараты алынған болатын. Ота кезінде осы қондырғыны қолдандық. Енді осы аппараттың көмегімен күрделі оталарды жасап, науқас балалардың өмірін аман алып қалуға барымызды саламыз, - С.Көкшибаев.
Қазір науқастың денсаулық жағдайы қалыпты. Енді ол ауруханадағы онкохирургтың бақылауында емін жалғастырады.