Жарақаттанғандар бар. Ер адам қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған.
фото: әлеуметтік желіде тараған видеодан алынды
Шымкент қаласында тал түсте атыс болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әлеуметтік желі арқылы ер адамның қару алып атысып жүргені бейнеленген видеожазбалар лезде тарап кетті.
Ведомство мәліметінше, аталған оқиға бүгін сағат 14:40 шамасында болған.
“Бүгін сағат 14:40 шамасында Иляев-Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкенінде дабыл түймесі іске қосылды. Оқиға орнына бірден қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері келді. Күзетшілер мен белгісіз қарулы адам арасында атыс болды. Нәтижесінде күзетшінің бірі жараланды. Қарулы адамды патрульдік полицейлер мен Тұран АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілдері ұстады”, - делінген жазбада.
Қалалық полиция басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, ұсталған күдікті Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталған. Ол Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрған.
“Одан шолақ мылтық және ұрланған "Сайга" карабині тәркіленді”, - деді полиция өкілдері.
Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.