Шымкентте ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артты

0
1 234

2020 жылы 30 гектар өндірістік жылыжай іске қосылмақ.


Шымкентте ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артты

Шымкентте 3 айда 4,9 миллиард теңге көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкентте өндіріс қана емес, ауыл шаруашылығы саласы да қарқын алуда. Биылғы жылдың үш айында жалпы ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 4,9 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107,7 пайызды құрады.

Бұл туралы Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы мәлімдеді.

Атап атар болсақ, мал шаруашылығы 8,9 %, ет өнімі 14,2 %, сүт 2,9, % жұмыртқа өндіру 11,4 %-ға артқаны анықталған.

Алдағы уақытта жылыжайға да басымдық берілмек. Шымкентте қазірдің өзінде жылыжай көлемі 183 гектарды құрайды. Оның 53 гектары - өнеркәсіптік. Қалада бұдан бөлек 2020 жылы 30 гектар өндірістік жылыжай іске қосылмақ.

Жабық жылыжай кешендердің көлемін арттыру мақсатында «Оңтүстік» көліктік логистикалық аймағынан 100 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу жобасы қолға алынған. Ол жүзеге асса мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, жұрт жыл он екі ай көкөніспен қамтылатын болады.

Шымкентте көктемгі дала жұмыстары да бітуге жақындады. Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкентте көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай құны 174 теңгеден 160 теңге төмендетілді. Барлық агроқұрылымдар дизель отынын уақытылы жеткізілді. Тапшылық жоқ.

Жалпы қала аумағында 62 мың гектардан астам жер бер. Биыл егіс алқабын өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға ұлғайтып, 27,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Инвестиция және несиелендіру бойынша жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 7,6 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асады. Оның ішінде 4 құс шаруашылығын кеңейту, 4 жылыжай құрылысы, 2 тауарлы сүт фермасы, 2 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу, 1 қарқынды алма бағы, 1 ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу, 1 сүтті қайта өңдеуді кеңейту, 1 мал бордақылау алаңын салу, 1 кондитерлік өнім өндіру жобалары бар.