Шымкентте биыл 300-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізіледі

0
730

Құрылыс жұмыстары 202,6 шақырымға жүргізіледі.


Шымкентте биыл 300-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізіледі

Шымкентте биыл жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 300-ге жуық көше орташа жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Құрылыс жұмыстары 202,6 шақырымға жүргізіледі. Қазір қала аумағындағы 26 көшеге асфальт төселуде.
Асфальттеу жұмыстары Агропром шағынауданындағы Алтынтөбе, Құрсай шағынауданындағы Бекболатов және №1,2,3,4,5,6 көшелерде, Айнатас тұрғын алабында Шоқтас және Боғылысай, Асар-2 шағынауданында Күншоғыр және №1,2,3 көшелерде, Ақжайық шағынауданында Шұбарсу, Сәдуақасов, Алпысбаев көшелерінде, Қызылжар шағынауданында Маралды көшесінде, Орманшы тұрғын алабындағы Алатау және Қажымұқан, 1,2 көшелерде, Базарқақпа тұрғын алабында Алай көшесінде аяқталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жоспарға енгізілген барлық көшеде жалғасады.
Нәтижесінде мегаполис жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 71,2 пайызға жетеді.
Бүгінде шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелері мен қаланың орталық магистраль көшелерін жөндеуге басымдық беріліп отыр. Биыл 24 магистральды көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Ал, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қаратау ауданында 50 шақырымды құрайтын 74 көшеге асфальт төселеді. Қаратау ауданы аумағында жалпы ұзындығы – 631 шақырымнан тұратын 595 көше бар. Оның 364 шақырымы асфальттанған көше болса, 233 шақырымын шағал тас, 33 шақырымын топырақ көшелер құрайды.