Шымкентте қуаттылығы 500 МВт болатын заманауи бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жоспарлануда. Жобаны сәтті жүзеге асыруға қажетті жұмыстар жүйелі түрде басталып кетті.
Биылғы жылдың көктемінде Шымкент қаласы әкімдігі мен түрік «Aksa Energy» компаниясының өкілдері арасында маңызды меморандумға қол қойылған болатын.
Құжатқа сәйкес, қалада қуаттылығы 500 МВт болатын заманауи бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жоспарлануда. Жобаны сәтті жүзеге асыруға қажетті жұмыстар жүйелі түрде басталып кетті.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы жобаның акционері, «Aksa Energy» компаниясының өкілі Джемиль Казанджимен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жобаны іске асыру қаланы дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып отыр, және қала әкімдігі тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Жалпы құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл ауқымды инвестициялық жоба Шымкент тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бу-газ қондырғысы іске қосылғаннан кейін қаланың экологиялық жағдайына оң әсер етіп, жергілікті бюджетке тұрақты табыс түсіреді деп күтілуде.
Қала әкімі түрік компаниясының Шымкентке қызығушылық танытып, энергия саласын дамытуға атсалысқаны үшін алғыс білдірді. Қала басшысы атап өткендей, бұл жоба алдағы уақытта қала инфрақұрылымын жақсартуға, тұрақты даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді.