Келушілер онда өздерінің қалаға деген ыстық лебізін, тілегін қалдырып жатыр.
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Кең баба» этно-саябағында қала күніне орай «Туған өлкем – қандай көркем» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге кітап оқуды дәріптеп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ақын Д.Танабаев, жазушы С.Олжабай және ақын Д.Айманбет қатысты.
— Еліміздегі тарихы терең бойлаған көне шаһар Шымкент пен бүгінгі жас мегаполисті бүлдіршіндерге кеңінен таныстырып, олардың туған өлке туралы дүниетанымын кеңейту мақсатында бүгінгі шараны қолға алып отырмыз. Іс-шара барысында көрермендер үшін «Қалаға хат» тақтайшасын орнаттық. Келушілер онда өздерінің қалаға деген ыстық лебізін, тілегін қалдырып жатыр, - деді Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Гүлжан Талғатқызы.
Салтанатты шара барысында қаламгерлер жиынға көрсем, білсем деп келген бүлдіршіндер мен олардың тәрбиешілеріне, атсалысып жүрген кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдіріп, рухани дүниесі бай әрбір өскелең ұрпақтың ел келешегі екенін атап өтті.
Іс-шарада «Нұрсәт» өнер мектебінің оқушылары және Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, бүлдіршіндер Шымкент қаласының тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, үздіктерге сый-сияпат жасады.