Өйткені қазір халық қолданып жүрген газ баллондардың тозығы жеткен.
Фото: Zakon.kz
ERNUR.KZ. Енді Қазақстанда газ баллондары шыға бастайды. Онымен Петропавл ауыр машина жасау зауыты айналыспақ, деп жазады zakon.kz.
Өйткені қазір халық қолданып жүрген газ баллондардың тозығы жеткен. 40-45 жылдан бері қолданылып келе жатқандары бар.
Биыл газ баллонға қатысты 37 апат тіркелген. Апаттың алдын алу мақсатында тиісті заң да қабылданды. Оған сай газ баллондарын 20 жылдан артық қолдануға болмайды.
Бірақ жабдықтың жетіспеушілігі мәселені толықтай шешуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан баллонды өндіру жолға қойылмақ.
"Қазіргі таңда "Тыныс" АҚ мен Петропавл ауыр машина жасау зауыты өндіру және сервистік қызмет ұйымдастыруға қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте қоданыстағы өндірістік қуаттарды, аталған ұйымдар жылына 65-70 мың тұрмыстық газ баллондарын шығара алатынын атап өткен жөн."Асқар Тамаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі департаменті директорының орынбасары
Жобаны жүзеге асыруға "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы да ат салысуға дайын. Егер қосымша күш қажет болса, компания жобаға серіктестерін де тартпақ. Айта кету керек, елде шығарылатын газ баллондары халыққа тегін беріледі.
"Әр адам келіп, газ баллондарын толтырып жатқан кезде кемшілігі табылса, біріншіден құйылмайды, екіншіден қолданыстан алынып тастайды. Өзімізде шығып жатқан газ баллондары елге тегін беріледі. Енді газ баллоны жекеменшік қой, оны адам бергісі келмейді. Содан осындай жұмыстар жасалып жатыр."Рашид Дубаев, ҚР ТЖМ комитет төрағасының міндетін атқарушы