Шымкентте «Көктем аруы-2021» байқауы өтті

0
5 093

Бас жүлдені 11-сынып оқушысы Қарақат Орынбасар иеленді.


Шымкентте «Көктем аруы-2021» байқауы өтті

Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығында» «Көктем аруы-2021» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Байқауда Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы мегаполистің барша қыз-келіншектерін алда келе жатқан «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтап, «Аналарды ардақтайық» акциясы аясында үздік деп танылған 30 жастың анасына Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – қыз балалардың жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар алып жүрудің маңыздылығын түсіндіру. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау.
– «Көктем аруы – 2021» байқауына арнайы кастинг жарияланып, жоғары және орта оқу орындарынан 100-ге жуық қыз қатысуға ниет білдірді. Іріктеу комиссиясының шешімінен 16 мен 25 аралығындағы сыр-сымбаты келіскен, бойында өнер-білімі толысқан 30 ару таңдалып алынды, - деді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерлан Айтбаев.
Байқаудың бүгінгі шешуші сынында қаракөздер 4 кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Қазақ қызы», «Шығармашылық өнер сайысы», «Зияткерлік бөлімі», «Ұлттық нақыштағы көйлектер дефилесі». Әділқазылардың шешімі бойынша, бас жүлдені қалалық мамандандырылған «Дарын» мектебінің 11-сынып оқушысы Қарақат Орынбасар иеленді.
Байқау қорытындысында I орын М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті Аружан Арыстанға бұйырды. II орынды Қ.Спатаев атындағы N7 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Аяна Сәдуақас және III орынды ОҚМПУ студенті Аружан Манжан иеленді.
Айта кетейік, іс-шарада барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды.