Келтірілген шығын көлемі 158 мың теңгені құраған.
Шымкент полицейлері мешітте телефон ұрлаған жігітті ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда қаладағы мешіттердің бірінде күртешесіндегі Samsung телефонын белгісіз біреудің қолды еткенін жазып көрсеткен.
Яғни, әккі ұры айналасында ешкімнің жоқтығын пайдаланып, келушілердің қалталарын тінтіп, қолына түскен телефонды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 158 мың теңгені құраған.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеп, жедел-іздестіру жұмыстарына жұмылды. Әл-Фараби АПБ полицейлері ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына жедел жетіп, қажетті шараларды жүзеге асырды.
Жақын аймақтар мұқият тексеріліп, бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде, небәрі бір тәулік ішінде ұрлық жасаған адам анықталып, басқармаға жеткізілді. Ол 29 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.