Шымкентте өз кәсібін ашқан жастар саны артып келеді

0
529

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жұмыссыздар саны азайған.


 Шымкентте өз кәсібін ашқан жастар саны артып келеді

Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жұмыссыздар саны азайып, кәсіп ашқандардың саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Олардың қатарында аталған бағдарлама шеңберінде арнайы курстарда оқып, 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп кәсіп ашқандар бар.
Биыл мемлекеттік грантқа қол жеткізген қала тұрғынының бірі - Севдиор Ихтиярұлы. Ол өткен жылы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолдама алған. Оқу аяқталысымен, қолындағы сертификатымен биыл мемлекеттік грантқа өтінім беріп, «құймалы балмұздақ» ісі бойынша бизнес жоспарын әзірледі. Нәтижесінде комиссия жобасын мақұлдаған. 583 400 теңгелік грантқа қол жеткізіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бүгінде күніне 200-ден астам дана балмұздақ сатып, ісін дөңгелетіп отыр.

"Шымкенттің ыстық маусымында балмұздақ сату тиімді іске айналып отыр. Қала тұрғындарының да сұранысы артып, мемлекеттен алған қаражатқа шағын құймалы балмұздақ сататын дүкен аштым. Алдағы уақытта ісімді кеңейтемін деген ойдамын", - дейді 28 жастағы бағдарлама қатысушысы.

Айта кетсек, былтыр 4828 адам мемлекеттік грант алды. Оның ішінде 407-сі көп балалы отбасы мүшелеріне, 2122-сі аз қамтамасыз етілген отбасыларға, 29-ы мүгедек азаматтарға ,1075-сі жастарға және 1195-і өзге санаттағыларға берілді. Биыл 600 азамат грантқа қол жеткізіп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруда.