Шымкентте республикалық форум өтеді

0
709

Форум Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткізіледі.


Шымкентте республикалық форум өтеді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында «Тарихи тұлғалар: Ұлттық тәрбие және сабақтастық» атты республикалық форум өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үшінші мегаполис ұлттық таным тұрғысынан орны бөлек шаһар екені белгілі. Тарихи өзегін, салт-сана сабақтастығын, тәрбие мәнін сақтап қалған, құндылықтарын мыңжылдықтар бойы өрістетіп отырған Шымқаланың бүгінгі және келер ұрпаққа берері де мол.

Осы ретте Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Шымкенттің ұлт ұйыстырудағы орны мен рөлін айшықтайтын бастама көтерді. Республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері 27-28 сәуір күндері «Тарихи тұлғалар: Ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форум аясында бас қосатын болады.
Тәрбие мен білім егіз ұғым екені ескеріліп, форум жұмысы 85 жылдық тарихы бар, өңір ұстаздарының қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткізу жоспарланып отыр. Шымкентте өтетін келелі жиында еліміздің барлық өңірінен келген ғалымдар, ұлт зиялылары, белсенді жастар ұлттық тәрбие желісін жаңғырту, тұлғатану ілімін жетілдіру, тарихи сананы ояту, ұлт құндылықтарын біріздендіру, халықтық мәдени танымды ілгерілету, ұлттық педагогиканың өрісін кеңейту мәселелерін талқылап, таразылайтын болады.
Айта кетейік, Шымкентте Манап Өтебайұлының туғанына 85 жыл толуына орай, «Дәстүрлі тәрбие – сапалы білім» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған жиында арнайы шақырылған қызы Гүлнар Манапқызы сөз сөйлеп, қонақтарға М.Өтебайұлы туралы естеліктерімен бөлісіп, колледж алдындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Іс-шара барысында аптал азаматтың өмірі мен өнегесін, жастарды тәрбиелеудегі орнын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, ұстаздық жолы мен түрлі салалар бойынша атқарған жұмыстары еске алынды.