Үш қабатты ғимараттың техникалық жабдықталу жағы жоғары сапада жасалған.
Шымкентте бүгін 19 маусым – қала күніне орай, жаңадан Балалар саз мектебі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөз сөйлеп, балалар шығармашылығына өркендеу, ал саз мектебінің ұжымына сәттілік тіледі.
Саз мектебінде балалар мектептен тыс қосымша білімдерін жетілдіріп, тұла бойындағы ерекше қабілеттерін шыңдай алады. Мәселен, мұнда оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар, үрмелі аспаптар класы бар. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореграфия, вокал, көркемсурет, хор орындау - бұлар қаламыздағы мектеп оқушыларын әр қырынан толықтай ашады.
Үш қабатты ғимараттың техникалық жабдықталу жағы жоғары сапада жасалған, мұндағы музыкалық аспаптар арнайы Германия зауытынан тапсырыспен алынған. Би өнеріне арналған кең, ауқымды залы 150 шаршы метрді құрайды.
Аталған саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебенінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланған.
Сондай-ақ, балаларға білікті, академиялық консерваториялық білімі бар кәсіби мамандар сабақ береді.
Мектеп түлектері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық конкурстардың жеңімпаздары. Саз мектебінің ашылу сәтінде көпшілік осында оқитын балалардың қолөнер туындыларын тамашалап, ән-би тобының концертіне ризашылықпен қол соқты.
Айта кетейік, 19 маусым – қала күніне орай, бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне табысталуда. Атап айтсақ, бүгін экстремалды спорт түрлеріне арналған жаңа қоғамдық кеңістіктің салтанатты ашылуы өтті.
“Скейт элементтері бар алаң жастарымыздың сұранысы бойынша қолға алынды. Өскелең ұрпақтың өтінішін ескеріп, жаңа нысанды Қала күніне орай пайдалануға бердік. Біз қашан да осындай ерекше жобаларға қолдау көрсетуге әзірміз” – деді М. Дүйсенбекұлы.
Қаламыздағы скейт элементтері бар алғашқы алаңда скейтбординг, BMX сияқты спорт түрлерімен шұғылдана алады. Бұл жаңа кеңістік бұрынғы Дельфин аквапаркінің аумағында орналасқан, онда скейтпен сырғанау алаңынан өзге воркаут аймағы, көше тренажерлары, роллердром, баскетбол алаңы, және әткеншектері бар тыныш аймақ та бар. Заманауи талапқа сай жабдықталған скейт парк мегаполис жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орталыққа айналады.