Шымкентте Сингапур университетінің филиалы ашылады

0
933

Оқу орны студенттерді бизнес-менеджмент, дизайн, БАҚ және байланыс, денсаулық сақтау, мейірбике ісі, туризм, ақпараттық технологиялар индустриясы, киберқауіпсіздік және экология мамандықтары бойынша оқытады.


Шымкентте Сингапур университетінің филиалы ашылады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасының Сингапур, Аустралия одағы және Жаңа Зеландиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Аркен Арыстановпен онлайн форматта кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесуде Шымкент қаласында Сингапурдың MDIS университетінің филиалын ашу мәселесі талқыланды. Университет ең қажетті мамандарды даярлайды. Шымкентте қай мамандықтардың оқытылатыны екі жақты келісімдер нәтижесінде анықталады. Университеттің коммерциялық емес филиалы көпшілікке қолжетімді, әлеуметтік бағытта ашу көзделуде.
Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполис қаланың даму бағытында осындай бастамалар аса қажет екені, бұл ретте оқу орнының базасы дайын екенін атап өтті.

1956 жылы құрылған әйгілі оқу орны студенттерді бизнес-менеджмент, дизайн, БАҚ және байланыс, денсаулық сақтау, мейірбике ісі, туризм, ақпараттық технологиялар индустриясы, киберқауіпсіздік және экология мамандықтары бойынша оқытады. MDIS Ұлыбританияның университеттерімен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Университеттің шетелдерде (Малайзия мен Өзбекстанда) филиалдарын ашу және оқу үдерісін ұйымдастыруда тәжірибесі бар. Атап айтқанда, 2008 жылы Өзбекстанда MDIS филиалы ашылған.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Сингапур Республикасына ресми сапары жоспарлануда. Сондай-ақ, кездесуде осы сапар барысында Шымкент қаласының туристік және инвестициялық әлеуетін насихаттайтын мәдени іс-шаралар өткізу мәселесі де талқыға түсті.