Өртке оранған үйден қалған 3 бала өздігінен сыртқа шығып кеткен.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкентте сөндірілмеген темекі тұқылынан өрт шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, 11 маусым күні сағат 18:04-те Еңбекші ауданы, Шапағат шағын ауданындағы Жаңа жол көшесі бойында орналасқан жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Өрт туралы хабарды көршісі берген.
"Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімдері жалпы көлемі 256 шаршы метр тұрғын үйдің екінші қабатында көлемі 14 шаршы метр жатын бөлмесінде көрпе- төсек жанып жатқандығын анықтады. Өрттің көлемі 2,5 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 18:19-да оқшауланып, 18:31-де толығымен сөндірілді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімдері жеткенше көрші жігіт Руслан Асқаров көмек сұраған дауысқа сыртқа шығып, көрші үйдің екінші қабатындағы кішкентай қызды көрген. Ол тез арада үйге кіріп, екінші қабат қара түтінге оранғанына қарамастан, еңбектеп жылжып бөлменің ішіндегі 2012 жылғы қызды сыртқа алып шыққан. Өртке оранған үйден қалған 3 бала өздігінен сыртқа шығып кеткен.
"Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрт сөндірілмеген темекі тұқылынан шыққан", - деді басқарма өкілдері.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің 12 қызметкері мен 3 дана техникасы, Апаттар медицина орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылды.