Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет процестерді цифрландыру, арнайы онлайн-тізілім құру және халық пен бизнеске қолжетімділікті арттыруды ұсынды.
Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше негізгі салаларды қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі.
Бұл туралы «Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының іске асырылуы туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Бұл карта бойынша бақылау аясында білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамту, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол, бизнес, сейсмология, сот және полиция сияқты 15 сала қарастырылған. Әрбір сала бойынша алдын алу шаралары мен жедел тергеу жұмыстары жүргізілмек.
Ерекше бақылауда тұрған мәселе – жер учаскелерін беру мен алу. Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімдігі 2020-2024 жылдар аралығында 28 миллиард теңге сомасына 269 гектар аумақтағы 1 541 учаскені мемлекеттік қажеттілікке сатып алған. Дегенмен, жерді беру мен алу мәселелерінде көптеген кідірістер байқалады. Қазіргі есептерге сәйкес, 5 717 гектар аумаққа қатысты 4 579 учаскені алу туралы шешім шығарылғанымен, олардың 3 мыңнан астамы әлі де орындалмаған.
Бұл кідірістердің негізгі себептері ретінде жер бағасының қымбаттауы, меншік иелерінің өзгеруі және кейбір учаскелерді шұғыл түрде сатып алу қажеттілігі аталып отыр. Жер учаскелеріне қатысты сыбайлас жемқорлық қаупін азайту мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет процестерді цифрландыру, арнайы онлайн-тізілім құру және халық пен бизнеске қолжетімділікті арттыруды ұсынды.
Мұндай шаралар жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және қаладағы әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жер саласындағы айқындылық пен ашықтық артып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте үлкен өзгерістерге қол жеткізу жоспарланып отыр.