Шымкентте "сыра королінің" сарайлары мен үйлері аукционға шығарылды

0
861

​Тоқтар Төлешовтің активтерінің арасында "Фосфорник" мәдениет сарайы, өндірістік ғимарат және екі тұрғын үй бар.


Шымкентте

ERNUR.KZ. Сотталған олигарх Тоқтар Төлешовтің қалған мүлкі электронды саудаға қойылды, деп жазады sputniknews.kz.

Аукцион туралы Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің сауда алаңында жарияланды.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, барлық төрт жылжымайтын мүлік нысаны бір пакетпен сатуға шығарылған, олардың жалпы бастапқы бағасы – 1 миллиард 204 миллион 708 мың 423,00 теңге. Аукцион 2020 жылдың 6 ақпанына жоспарланған және бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.

Сонымен бірге саудаға шығарылған нысандардың ілеспе құжаттарында "Фосфорник" мәдениет сарайы 1 миллиард 66 миллион теңгеге бағаланғаны көрсетілген, бірақ оның жағдайы "қанағаттанарлықсыз". Сатуға ұсынылған өндірістік (тұрғын емес) ғимарат пен екі тұрғын үйдің біреуінің жағдайы жақсы (ғимарат 63 миллион 299 мың теңгеге, бассейні бар екі деңгейлі тұрғын үй 62 миллион 315 мың теңгеге бағаланды). Төртінші нысан – аумағы 59,9 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға жарамсыз, дегенмен ол 12 миллион 930 мың теңгеге бағаланды.

Тоқтар Төлешов не үшін сотталды

"Шымкент сыра" зауытының бұрынғы иесі Тоқтар Төлешов 2016 жылдың қарашасында 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған азаптау, кісі өлтіру, адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, экстремистік топ құру және оған басшылық жасау немесе оның қызметіне қатысу және басқа да баптар бойынша айып тағылды. Ол сонымен қатар билікті күшпен басып алуға бағытталған қылмыстық топты қаржыландырғаны, есірткіні заңсыз сатқаны үшін сотталды.