Бұл жағдайға жыл сайын вакцинациялау арқасында қол жеткізілді.
Шымкент қаласында эпидемиологиялық маусымда тұмау аурушаңдығы тіркелмеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова және Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сауле Дүйсенбаеваның қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды.
– Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін полиэтиологиялық аурулар тобы. Тұрғындар арасында осы жылдың 10 айында 29 501 ЖРВИ тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 2 есеге жоғарылаған. Ауырғандардың ішінде он төрт жасқа дейінгі балалар 75,1%. 2021 жылдың қазан айы мен 2022 жылдың сәуір айы аралығында тұмаудың нақтыланған он алты жағдайы тіркелді. Биыл эпидемиологиялық маусымда 1 қазан мен 2 қараша аралығында 6 144 жағдай жоғары тыныс жолдарының жұқпалы аурушаңдығы тіркелді. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге жоғары, - деді А.Тұрымбетова.
ЖРВИ/тұмау клиникасының көріністері ұқсас. Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталатын, жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылауы, бастың қатты ауруы сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялық бөртпелер пайда болатын жұқпалы ауру.
Баспасөз жиынында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сауле Сансызбайқызы тұмау аурушаңдығы төңірегінде сөз қозғады.
– Эпидемиологиялық маусымда қалада тұмау аурушаңдығы тіркелмеген. Бұл жағдайға тұмауға қарсы қауіп тобындағы адамдарды жыл сайын вакцинациялау арқасында қол жеткізілді, онда қала халқының кемінде 10%-ы қамту қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп ведомствоаралық жедел кешенді іс-шаралар жоспары және ЖРВИ мен тұмауға қарсы күрес жөніндегі бірлескен бұйрық бекітілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде профилактикалық егуге жататын халық топтары айқындалды. Жыл сайын халықтың профилактикалық егулермен қамтылуы 95%-ды құрайды, - деді ол.
Қалада 2022 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы осал топқа жататын тұлғаларға Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 134 580 дозасы алынып, тұмауға қарсы егу жұмыстары МСАК мекемелерінде жүргізілуде.
Тұмауға қарсы халықтың келесідей осал топтары егіледі:
• медицина қызметкерлері;
• алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар;
• 2,3 триместрдегі жүкті әйелдер;
• ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мектеп-интернат балалары;
• қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
• жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.
Айта кетейік, өткен тәулікте тұмауға қарсы вакцинациямен қамту 95,19%-ды құрады. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 31 293, оқушылар – 18 419, жүкті әйелдер – 4971. Жабық типтегі мекемелерде 758 адам.