Шымкентте Ұлттық Кітап күніне орай кітап апталығы басталды

0
342


 Шымкентте Ұлттық Кітап күніне орай  кітап апталығы басталды

Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы бастаған қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен «23 сәуір - Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында «Мәртебелі кітап» атты апталықтың ашылу салтанаты болды.

ҚР Үкіметінің 29.06.2024 жылғы №522 Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді. Биыл бұл мереке тұңғыш рет атап өтіледі. Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Аталған мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтің «Ұлттық кітап күнін» жариялауына орай кітап оқуды насихаттау, кітап оқуға жастарды баулу, зияткер ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға келушілердің қарасы қалың. Зиялы қауым, қаламгерлер, баспагерлер, жастар, оқырмандар, қала тұрғындары, кітапханашылар кітап жәрмеңкесінің көрігін қыздырды.
Арбат демалыс аймағында баспа үйлері мен кітап дүкендерінің кітап жәрмеңкесі, көрме-сатылымы («Атамұра», «Жебе», «Отбасы хрестоматиясы», «Шың», «Қасиет», «Қасым», «Қызмет», «Кітап алу», «Шикула и К» баспалары мен «Төлеби», «Білім» кітап дүкендері) ұйымдастырылды.
Қаламгерлермен сыр-сұхбаттар ұйымдастырылып, жаңа кітаптардың тұсауы кесіліп, әдеби талқылаулар өтті. Оқырман назарына кеңейтілген кітап көрмелері мен инсталляциялар ұсынылды. Апталықтың салтанатты ашылу рәсімінен соң қаламы қарымды, ойы терең қаламгер Нұрхан Сұлтанбайұлы Сәменбеттің (Топанби) қос бірдей жаңа кітабы – «Үкікөз» және «Күн сәждесі» атты туындыларының тұсауы кесілді.
Айта кету керек, Нұрхан Сұлтанбайұлы Сәменбет - танымал қаламгер, журналист, аудармашы. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлға. Оның шығармаларында ұлттық болмыс, адам тағдыры мен өмір шындығы шебер суреттеледі. Жазушының туындылары терең философиялық оймен, көркем тілмен ерекшеленеді. Бұған дейін де бірқатар әдеби жинақтары жарық көріп, оқырманның жоғары бағасына ие болған. Апталық барысында қала тұрғындарын, кітапсүйер қауымды небір қызықты іс-шаралар қуантатын болады. Ұйымдастырушылар «WEEKEND.BOOK.VIBES», «Кітап – достық амбассадоры», «Кітапхана түні», акциясы, т.б. сияқты іс-шаралардан қалыс қалмауға шақырады.
Бөлісу