Шымкентте жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген нысандар ашыла бастады

0
729

4-5 қаңтар күндердегі жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен 24 кәсіпкерлік нысан тіркелді.


Шымкентте жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген нысандар ашыла бастады

Шымкентте жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлініп, шығындалған кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жандана түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері бүгін БАҚ өкілдеріне осындай нысандардың жұмысымен таныстырды. Солардың бірі – METRO сауда орталығы. Күдіктілер тонап кеткен сауда орталығының өкілдері ғимаратты қалпына келтіріп, қайта қызмет көрсетуді бастап кетті.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығына едәуір шығын келді. Тонаушылар ғимараттың кіреберісін толық бұзып, кассаларды қиратқан, банкоматтарды алып кетіп, тауарларды бүлдірді. Оған қоса бірнеше жерден от қойған. Негізінен алкоголь, гигиена заттары, тәтті тағамдар мен текстиль тауарларын алып кеткен. Абырой болғанда қызметкерлер жапа шеккен жоқ. Қазір барлығын тазартып, 10 қаңтардан бері сағат 10:00 мен 17:00 аралығында жұмыс істеп жатырмыз. Белгілі шектеуге байланысты алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды, – дейді сауда желісі директорының орынбасары Ян Нагибин.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бүгінде таңда тәртіпсіздіктен зардап шеккен кәсіпкерлік нысандары туралы мәлімет күнделікті жаңартылуда.
Қаламыздағы 4-5 қаңтар күндердегі жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен 24 кәсіпкерлік нысан тіркелді. Барлығына келген шығын көлемі бүгінгі таңда 224 млн теңгені құрап отыр. Бұл – «Атамекен» палатасы берген мәлімет. Бұл мәліметтер күнделікті жаңартылуда. Соның ішінде 13 кәсіпкерлік нысаны қайта қалпына келтіріліп, жұмысын бастады. Басқарма мамандары кәсіпкерлік палатасының өкілдерімен бірге зардап шеккен нысандарды аралап, фото-видео есеп жинақтауда, – дейді басқарма басшысының орынбасары Біржан Азимбердиев.

Бұған қоса әкімшілік-іскерлік орталыққа жақын маңдағы Dodo pizza нысаны да зардап шеккен болатын. Ол орталық та жұмысын қайта жалғастыруда.