Шымкентте жылдың үздік жастары марапатталды

0
987

Бұл жылы «Үздік жастар-2021» премиясына қатысуға 14 пен 29 жас аралығындағы 168 жастан өтінім келіп түскен.


Шымкентте жылдың үздік жастары марапатталды

Шымкентте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Үздік жастар - 2021» премиясын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Байқаудың ережесіне сәйкес, биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 номинация бойынша ең мықты деген 30 жас «үздік» деп танылды. Жастар премиясы түрлі салаларда жұмыс жасайтын дарынды жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеріп ынталандыру мақсатында биыл дәстүрлі түрде он бірінші рет өткізіліп отыр.
Салтанатты жиында сөз алған шаһар басшысы жиылғандарды мерекемен құттықтап, үздік жастарға премияларын табыстады.
- Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елімізді дамытуға бағытталған түрлі бағдарламаларға қатысушы әрі жүзеге асырушы да - жастар. Бүгінде жастар қала тұрғындарының 23 пайызын құрайды. Төрт ауданнан жастар орталығы бөлімшелерінің ашылуы, «Шымкент жастар лигасы» жобасы - жастар саясатының қаламызда қарқынды жұмыс жасап жатқанының бір дәлелі. Шымкент – дарынды әрі талантты жастарғай бай. Жайдарман ойындарының Жоғары Лига чемпиондары да Шымкенттен шықты. «Дарын» жастар сыйлығы, Токиода өткен жазғы Олимпиада және Сербия мемлекетінің Белград қаласында еліміздің Көк Байрағын көкке көтерген спортшыларымыз қаламыздың абыройын асқақтатып жүр. Олар – біздің мақтанышымыз. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Біз қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу жолында еңбектене беруіміз қажет. Сондықтан ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңінде аянбай еңбек етуге шақырамын!, - деді М.Әйтенов.

Бұл жылы «Үздік жастар-2021» премиясына қатысуға 14 пен 29 жас аралығындағы 168 жастан өтінім келіп түскен. Үміткерлерді іріктеу жөніндегі байқау комиссиясының шешімімен тек үздік деген отызы анықталды. Номинация иегерлеріне диплом мен 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтар табысталды.