Жекеменшік клиникада жас жігіттің бүйрегін "алып тастау керек" деген.
Жекеменшік клиникада науқас адамның "жарамсыз, алып тастау керек" деген бүйрегін шымкенттік дәрігерлер емдеп жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Таяуда ғана №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына Сардар Нарметов деген азамат келген. Оған жекеменшік клиникада тексерілгенде, бүйрегін алып тастауға кеңес берілген екен. Яғни, бүйректі жарамсыз деп тапқан.
Бірақ Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері толық тексеруден өткізген соң бүйректі сақтап қалуға мүмкіндік барын айтып, жас жігітті қатты қуантты. Нефроскоп арқылы тастарды ұсақтайтын операция үш мәрте сәтті жасалып, қазіргі таңда науқас ауруынан айығып келеді.
Айта кету керек, несеп-тас ауруына қатысты дәл осындай операция Нұрсұлтан, Алматы қалаларынан кейін тек қана Шымкентте, №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында екі жылдан бері жасалуда. Бұл операцияның ерекшелігі - тіліксіз, жарақат аз болады, науқас тез оңалады. Бірақ дәрігердің шеберлігін талап ететін өте күрделі операция.