Мұндай ота түрін ми, мойын, бауыр, ұйқы безі, жатыр мойны, жатыр, бүйрек, бауыр ісіктеріне шалдыққан науқастарға жасалады.
Шымкентте онкологиялық орталықта қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеуде заманауи әрі сапалы емдеу тәсілі қолданылып келеді. Сондай тәсілдердің бірі – тікелей тамыр ішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тамырішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісін практикада қолдану үшін қалалық онкологиялық орталықтың мамандары Ресей, Аустрия, Германия елдерінде оқудан өтіп, біліктіліктерін шыңдап келген. Замануи әдістің көмегімен мамандар 12 жылдан бері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеп, оң нәтижелерге қол жеткізуде.
Медицина мамандары химиоэмбализация тәсілінде дәрілерді араластырып, ісік тарайтын тамырларды жауып тастайды. Соның нәтижесінде ісік толығымен дәріленеді. Ал тамырішілік химиотерапияда цифрлы рентген аппараты немесе ангиограф арқылы катетердің көмегімен дәрілік заттарды тамыр ішіне жібереді.
– Біз Қазақстанда алғаш болып тамырішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісін енгіздік. Бұл тәсіл арқылы қатерлі ісіктің тамырына химиялық заттар 100 пайыз жіберіледі. Нәтижесінде қатерлі ісікті емдеу 20-30 пайыз жақсарады. Бұл ауыр халдегі обыр ауруына шалдыққан науқастардың өмірін ұзартады. Тамырішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісі бойынша ем алу үшін Шымкенттегі онкологиялық орталыққа еліміздің өзге де облыстарынан науқастар келеді. Тіпті шекара асып, ем іздеп келетін науқастар бар. Мұндай ота түрін ми, мойын, бауыр, ұйқы безі, жатыр мойны, жатыр, бүйрек, бауыр ісіктеріне шалдыққан науқастарға жасаймыз, – дейді қалалық онкологиялық орталықтың химиотерапия және эндоваскулярлы онкология бөлімінің меңгерушісі Давранбек Арыбжанов.
Осындай химия-эмбализация әдісі бойынша емделіп жүрген науқастардың – бірі Ерік Қызайбеков. Алматы облысының тұрғыны сапалы ем алу үшін Шымкенттегі онкологиялық орталыққа арнайы келген. Химио-эмболизация әдісімен ем алған науқастың жағдайы бүгінде жақсарып қалды. 56 жастағы азаматқа дәрігерлер осыдан бес жыл бұрын бауырдың қатерлі ісігі диагнозын қойған.
Айта кетейік, бүгінге дейін бес мыңнан аса науқасқа осындай операция түрі жасалған. Қалалық онкологиялық орталыққа еліміздің түкпір-түкпірінен науқастар ем іздеп келеді. Тіпті, Астрахань, Мәскеу қалалары мен Өзбекстаннан келген науқастар ем алған.