Автокөлік жүргізушісі мен жолаушы азаматтың өміріне қауіп төнген жоқ. Алайда көмекке келген Дәулет Тасбулатовтың қолын күйік шалып, жеңіл жарақат алған.
Жол бойындағы автокөліктен шыққан өртті сөндіріп, жүргізуші мен жолаушыны құтқарып қалған тәртіп сақшысының ерлігі халықты тәнті етті. Тәуекелге барғын тәртіп сақшысымен ERNUR.KZ cайтының тілшісі тілдесіп қайтты.
Осы жылдың 12 қарашасында сағат 19:08 шамасында Шымкент қаласы Желтоқтан және Б.Момышұлы көшелерінінің қиылысында «Chevrolet Spark» автокөлігі өртке оранған. Осы сәтте көше қиылысында жол қозғалысын реттеп тұрған тәртіп сақшысы Дәулет Тасбулатов жедел көмек көрсетуге кіріседі.
- Өрт шыққан көлік жаяу жүргіншінің алдына барып тоқтады. Оны көріп кезекші бөлімге баяндадым. Жанына барған бойда мен бірден автокөліктің капотын ашып, аккумуляторын сымнан ажыраттым. Сосын Өзіміздің автокөліктен өрт сөндіру құралын алып өртті сөндірдім. Осылайша теміртұлпарды толық өртке оранудан сақтап қалдым. Артынша оқиға орнына өрт сөндіру қызметі де келді, - дейді Патурльдік полиция полкінің қызметкері Дәулет Тасбулатов.
Жедел әрекет еткен полицейлердің осы іс-әрекетінің нәтижесінде автокөлік жүргізушісі мен жолаушы азаматтың өміріне қауіп төнген жоқ. Алайда көмекке келген Дәулет Тасбулатовтың қолын күйік шалып, жеңіл жарақат алған.
Төтенше жағдайдың алдын алған Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлеріне автокөлік жүргізушісі өз алғысын айтып, рақметін жеткізді.
- Үнемі жол үстінде жүргендіктен түрлі жағдай орын алады. Бірақ өз басыңнан тосын оқиға болған кезде не істеріңді білмей қалады екенсің. Осындай сәтте маған көмекке келген полиция қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамын. Еш ойланбастан өртті сөндіруге барын салды. Қолы күйген болуы мүмкін. Өз қызметін мінсіз атқарып жүрген халыққа жақын тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Жұмыстарыңыз табысты болсын! – дейді автокөлік жүргізушісі.