"Street Art Fest" граффити фестиваліне 74 жоба қатысқан.
Шымкенттің талантты жас суретшілері "Street Art Fest" граффити фестивалінде бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін Шымкент қаласында "Street Art Fest" граффити және көше суреттерін салу байқауы өтіп жатыр. Аталған шараның басты мақсаты - граффити өнері мен жастар арасындағы суретшілікті қалыптастыра отырып, әлеуметтік мәселелерді жан-жақты көтеру.
Атап айтсақ, бұл ерекше фестивальге 14-29 жас аралығындағы қаланың талантты жас суретшілері жиналып, өзара сайысқа түсуде. "Street Art Fest" граффити фестивалін ұйымдастырушылардың айтуынша, сайысқа 74 жоба қаралған және оның ішінен 24-і іріктеліп алынған. Ал үздік деген 10 жоба финалдық кездесуде өз бақтарын сынайтын болады. Тағы бір ерекшелігі - суретшілер қазіргі таңдағы басты назарға алынған, ой салатын тақырыптарды көтеріп отыр.
"Жастар қоғамдағы түрлі әлеуметтік жағдайлар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, қала өмірі, еріктілік пен салауатты өмір салты тақырыптарында бейнелейтін болады. Ішінен үздік деп танылғандарға қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады", - дейді "Шаңырақ" жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова.
Айта кетейік, суретшілер 6 түрлі тақырыптың бірін таңдап, 18 түсті аэрозол және баллон краскалары арқылы өз туындыларын салып жатыр. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 300 мың теңгені құрайды.