Шымкенттің әкімі апатты деп танылған үйдің тұрғындарымен кездесті

0
288

Аталған үй 2017 жылдан бері апатты үйлердің тізімінде.


Шымкенттің әкімі апатты деп танылған үйдің тұрғындарымен кездесті

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков апатты деп танылған Әлімқұлов көшесіндегі № 34 тұрғын үйдің жағдайымен жіті танысты.


Аталған үй 2017 жылдан бері апатты үйлердің тізімінде. Қазіргі уақытта 1960 жылы салынған 18 пәтерлі баспананың тозығы жетіп, қайта жаңғырту жұмысын қажет етуде. Алайда реновациялау бағдарламасы аясында әлеуетті инвестор тарту мәселе болып тұр.

Қала әкімі бұқараның қауіпсіздігі мен жайлы өмірін қамтамасыз ету басты мақсат екенін айтып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдады. Кездесу барысында мәселенің шешімі жан-жақты қарастырылды. Ғабит Әбдімәжитұлы жауаптыларға жергілікті халықтың ұсыныстары бойынша оңтайлы шешім шығаруға тапсырма берді.

Сондай-ақ, аралау кезінде қала басшысы Экономикалық тергеу департаменті әкімшілік ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Құрылыс алаңы – 1826,50 шаршы метр. Мұнда бақылау бекеті, 7 автокөлікке арналған гараж, жуу автобекеті, қосымша қойма ғимаратын салу және «А», «Б» блоктарының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Қала әкімі тиісті басқарма басшысына құрылысты сапалы жүргізуді міндеттеді.

Өткен жылы № 5 қалалық емханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте жаңа флюорография құрылғысы және 2 лифт шахтасы орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға толық жағдай жасалды. Қазіргі таңда 11 шағын ауданда орналасқан емхана 57 мыңға жуық халыққа медициналық көмек көрсетіп отыр. Күрделі жөндеуден кейінгі оң өзгерістермен танысқан қала әкімі медициналық мекеме жұмысын одан әрі дамыту бойынша талқылап, әлеуметтік саладағы сұранысты қамту қажеттігін жеткізді.