"Танымал әншінің көңілдесімін": Шымкентте кісі өлтірген келіншек сотталды

0
1 149

Айыпталушы қылмыс жасаған кезде мас болған.


иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Танымал композитор, әншінің көңілдесімін деп мәлімдеген әйел екі жыл бас бостандығынан айырылды. Сотталушы абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін айыпталған деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы әл-фараби аудандық сотында танысын абайсызда мерт еткен әйелдің ісі қаралды. Сот талқылауы барысында сотталушы танымал тұлғаның нақсүйері екендігін айтқан. Ал мұны естіген композитордың таң қалғаны сонша, төбе шашы тік тұрған. Сотталушы әйелді тіпті танымайтынын айтқан.

"Ұстау кезінде сотталушы әйел алкогольді масаң күйде болған. Сот барысында әнші композитормен байланысын анықтамақ болғанымызда сотталушы танымал тұлғаның шығармашылығына ғашық екенін мәлімдеді. Масаң халде болған кезінде қиялға ерік бергенін де мойындады. Абайсызда кісі өлтіріп алған сотталушы әйел сотта композитормен таныс емес екенін айтты,"- дейді қылмыстық істі қараған судья Талғат Қахаров.

Кісі өлімі болған қайғылы жағдай Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінде болған. Жаңа танысқан екі әйел таныстықтарын "көңілді" атап өтпек болған. Пәтер жалдап, алкогольді ішімдік ішкен. Көңілді отырыс кезінде екі әйелдің арасында жанжал шығып, бірі екіншісін итеріп жібереді. Масайып алған сотталушы сөйтіп ұйықтап қалған. Мастығы тарқап ұйқыдан оянған сотталушы әйел еденде жаңа танысының сұлқ жатқан жансыз денесін көрген. Сот абайсызда кісі өлтіріп алған әйелді екі жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

"Бұл бап бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Абайсызда болған іс екендігін, асырауында кәмелетке толмаған үш бірдей баласының бар екендігі, сотта кінәсін толық мойындап өкінетіндігі сот ескеріп екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот залынан қамауға алынды. Сот процесінде сотталушы әйел егер ішімдік ішілмегенде қылмыс болмас еді деп өкінішін айтты. Сотталушының алкогольді ішімдік ішіп мас болғандығы да ескерусіз қалған жоқ,"- деп мәлімдеді әл-фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қахаров.

Алайда сот үкімімен жәбірленуші тарап мүлдем келіспей отыр. Марқұм әйелдің бауыры апелляциялық шағым бермекші.