«Текемет-fest»: Шымкентте қолөнер шеберлері бас қосты

0
1 312

Фестивальде қойдың жүнін қырқудан бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін яғни, жүн сабау, түту, бояу, тарау, шабақтау, шүйкелеу, түр салу, текеметті басуды көрсетті.


«Текемет-fest»: Шымкентте қолөнер шеберлері бас қосты

Шымкентте «Shymqala» этноауылында екі күнге жалғасқан «Текемет-fest» этнофестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен қолөнер шеберлерінің фестиваліне Шымкент қаласымен қатар, іргелес Түркістан облысының Сауран, Арыс ауданы және Өзбекстан, Қырғызстан елінен қолөнер шеберлері қатысты.

Ұлттық қолөнер бұйымдарының ішіндегі ең көнесі – текемет. Негізгі мақсат – ұмыт болып жатқан дүниені қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттау. Шарада шеберлер текеметтің шығу тарихын, түрлерін айтып, жасалу жолдарын келушілермен бірге жасайтын болады деді, - қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының бөлім басшысы Динара Серікқызы.

Фестивальде қойдың жүнін қырқудан бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін яғни, жүн сабау, түту, бояу, тарау, шабақтау, шүйкелеу, түр салу, текеметті басуды көрсетті.

Он саусағынан өнері тамған шеберлер басқан ою-өрнекті текеметтер көздің жауын алады. – Біз Қырғыз елінің текеметін алып келдік. Төсенішті жасауда бауырлас елдерде қатты айырмашылық жоқ. Бүгін келушілерге қырғыз елінің текеметінің қалай жасалатынын көрсетеміз, - дейді қырғызстандық қолөнер шебері Сұлтанәли Апжаппар.

«Текемет-fest»-тетүрлі ұлттық нақыштағы кәдесый, төрт-түліктен өндірілетін өнімдерден жасалған бұйымдардың көне үлгілері, бүгінгі заманауи өнімдерден құрылған көрме жасақталды.

Көздің жауын алар текеметтің түр-түрін тамашалаған тұрғындар әрбір іс-әрекетке өз үлестерін қосты. Көне ою, таңбалар бейнеленген текеметтің бетіндегі өрнектердің ішкі мән-мағынасын терең түйсінді. Одан әрі ыстық сумен пісіру, білектеу, шиге орап тебу процесіне қызыға қатысты. Киіз басудағы көне наным-сенім, ырымдар жақсы тілекпен өрілген дайын өнімнің нәтижесіне жастар үлкендерден бата алды.

Қыркүйек айының осы бір күні ерекше сипатта өнер мерекесіне айналды.