"Үйге тазалық жасаған ұнайды": Шымкенттік келіншек хоббиін бизнеске айналдырған

0
4 987

Қарамағында 10-нан астам қыз-келіншек жұмыс істеп жатыр.


Бүгінде білім алып өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер күн санап артуда. Жұмыспен бірге үй шаруасын қатар алып жүрген әйелдер барлық мақтауға тұрарлық.

Тазалыққа жаны құмар әйелдер үшін үйдің таза болуы маңызды. Өздеріңіз білетіндей кейде барлығына бірдей үлгеру мүмкін емес. Осындай кезде арнайы маман көмегіне жүгінуге тура келеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз әйелдер қауымының үй шаруасын жеңілдетіп жүрген клинингтік компания басшысы Мақпал Жорабекқызы.
Мақпалдың клининг саласына келгеніне 4,5-5 жылдай уақыт болған. Заңды түрде ашып жұмыс жасап жатыр. Бүгінде бастаған кәсібі талай қыз-келіншектердің көңілінен шығып үлгерген. Халық арасында сұранысқа ие.
*(КЛИНИНГүй ішінде мінсіз тазалық орнату. Тазарту жұмыстары мамандар мен арнайы құрал жабдықтардың көмегімен жүзеге асады)


Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы ағылшын араб тілінің мұғалімі. Өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған. Курс оқып біраз уақыт тігінші болып та жұмыс істеген. Кейіннен торт пісіріп сатумен де айналысқан. Осылайша өзін бірнеше салада сынап көрген екен. Бірақ бұл жұмыстардың ешқайсысы көңіліне қонбапты.

- "Өзім бұрыннан тазалықты жақсы көремін. Бұл салаға келуімнің бірден-бір себебі осы деп ойлаймын. Өзіме ұнайтын жұмысты көп уақыт іздедім. Әр нәрсеге бір нәрсе себепші болады дейді ғой. Бір күні OLX қосымшасын қарап отырсам бала күтушіге сұраныс өте жоғары екен. Бірақ 1-2 сағатқа ғана тастайтын бала күтуші жоқтың қасы. Сосын бірден осындай бала күтуші болуға жарнама бердім. Адамдар тойға қонаққа баратын кезде бала қарайтын күтушіні көп іздейді.
Бір күні бір келіншек бала қарауға үйіне шақырды. Үйімді жинап алғанша балама қарап беруімді өтінді. Өзі баяу қимылдайды екен. Бұл кісі үйді жинап болам дегенше қай уақыт болады деп ойладым. Сосын "сіз балаңызға қарай беріңіз, мен үйді өзім жинаймын" дедім. Бағасын келіскен соң абысынымды шақырып екеулеп айнадай қылып жинап шықтық. Үй иесінің көңілінен шығып риза боп шығарып салды.
Сол күні үйге келген соң неге осы жұмысты жасамасқа деп ойладым. Сомен бірден жарнама беруге кірістім. Абысыным екеумізге күн сайын тапсырыс түсіп отырды. Осылайша ойламаған жерден осы кәсіпті аштым. Бұл жұмыс маған өте қатты ұнайды, себебі өзім тазалық жасағанды жаным сүйеді", - дейді кейіпкеріміз.

Мақпалдың клинингтік компаниясының қызметіне үйдің төбесінен бастап еденге дейінгі тазалау қызметі кіреді. Сонымен қоса жиһаздарды химиялық жолмен тазалайды. Үй ішіндегі есік, терезе, әйнек, люстралардың барлығына тазалық жұмыстарын жүргізеді. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң үй ушін толық тазалап шығады. Үйді тазалауға арналған барлық құрал-жабдықтар мен керекті заттарды өздері алып барады.
Қызметкерлердің барлығының үш жылдан астам тәжірбиелері бар. Тек үйді ғана тазаламайды, одан бөлек үлкен нысандар, кафелер, офистер мен жер үйлерді де тазалаумен айналысады. Терезеге, асханаға, жуыну бөлмесіне деген сияқты бөліп шақыруға да болады. Яғни, үйдің бәрін емес тек өзіңізге керек жерді тазалатуға болады.

Үй ішіне тазалық жасау кезінде (фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

- Бір қарағанға оңай боп көрінгенмен клининг туралы көп іздендім. Бұл бизнесті менен бұрын бастағандарға хабарласып ақыл кеңестерін тыңдап солай өз бизнесімді аштым. Әлі де ізденіп жатырмын, - дейді Мақпал.

Бүгінде Майраның жұмысы едәуір дамыған. Қарамағында 10-нан аса қыз-келіншек жұмыс істейді. Бұл жұмыс жыл он екі ай тоқтамайды, әсіресе жаз мезгілінде тапсырыс өте көп. Құрылыс саласының қызып тұрған кезінде тапсырыс тіптен көбейеді. Бағасы қалтаға қонымды және жеңілдіктер міндетті түрде болады. Халыққа ыңғайлы болу үшін бөліп төлеу жағын қолға алу жоспарында бар. Бағасы үйдің көлеміне қарай төленеді.
Тапсырыс болса Шымкенттен басқа аудан-ауылдарға да бару қызметі бар. Осы уақытқа дейін Сарыағаш, Түркістан, Бадам сынды біраз аудандарға барған. Қазіргі кезде басқа аудандардан шақырту көп түсіп жатыр екен. Алдағы уақытта тапсырыс алған барлық жақтарға бару жоспарлануда. Тұрақты тұтынушылар саны күн санап артып келеді. Ең бастысы, жасаған жұмыстары көптің көңілінен шығады. Үй жинаудан бөлек басқа қызмет түрлерін де қосу жоспарында бар.
- Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Кәсібімді одан ары дамыту жоспарымда бар. Қызметкерлер санын көбейтіп барлығын автоматтандырғым келеді. Бір орында тұрып қалғым келмейді. Өзім көптеген бизнес тренингтерге барып тұрамын. Болашаққа жоспарларым өте көп. Ең басты арманым - бүкіл әлемді аралау. Барынша көңілді жүруге тырысамын. Адам жақсы нәрсе ойласа бәрі де жақсы болады. Қорықпау керек, тәуекелге бару керек, - дейді бизнесін одан ары дамытқысы келетін Мақпал.


Жұмыс барысында түсірілген (фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

- "Өзім бұрыннан жеке кәсібімнің болғанынын армандайтынмын. Атам айтушы еді, жеке кәсіп - болашақтың мамандығы деп. Бастысы жасап жатқан жұмысың өзіңе ұнауы керек, сонда ол жұмыстан шаршамайсың. Керісінше сол жұмысты ары қарай дамытуға ұмтыласың ізденесің" , - дейді кейіпкеріміз.


Мақпал - екі қыздың анасы. Қыздарының болашағына қазірден уақыт бөлетін ол тұңғышын бизнес саласына оқытып жатыр екен.

"Қызымның өзіне-өзі қызмет еткенін армандаймын, 18 жасқа толғанға дейін өзінің жеке кәсібі болғанын қалаймын", - дейді қыздарының болашағынан зор үміт күтетін ана.


Жұмыстан шаршап үйдің тазалығына үлгермей жүрсеңіз немесе үйіңіздің мұнтаздай таза болғанын қаласаңыз Мақпал (@taza_cleaning_shym) сіздерге көмекке келеді.

Сұхбаттасқан: Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


ДӘРІ-ДӘРМЕКСІЗ, ИНЕ САЛМАЙ-АҚ: шымкенттік келіншек әйелдерді "жасартумен" айналысып жүр