Бокс: Әбілхан Аманқұл қытайлық қазақты ұтып, финалға шықты

0
887

Қытайдың намысын қорғап жүрген қандасымыз Олимпиадалық іріктеу турнирінің қола жүлдегері атанса, Әбілхан Аманқұл қазақ боксшыларынан үшінші болып финалға шықты.


Бокс: Әбілхан Аманқұл қытайлық қазақты ұтып, финалға шықты

ERNUR.KZ. Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінің жартылай финалында қос қазақ бір-бірімен қолғап түйістірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған Олимпиадаық турнирде 75 келі салмақта отандасымыз Әбілхан Аманқұл жартылай финалға шыққан болатын. Тура осы салмақта Қытай елінің намысын қорғап жүрген, сол елде тұратын қандасымыз Таңатхан Тоқтарбек те Олимпиада ойындарына лицензия ұтып, жартылай финалға жолдама алған еді.

Екі қазақ боксшысының арасындағы айқас бірден тартысты басталды. Бірінші раунд қорытындысы бойынша 5 төрешінің үшеуі Қытайдағы қандасымызды жеңді деп тапса, екеуі қазақстандық боксшыға дауыс берді. Ал екінші раундта жерлесіміз қарқынын үдетіп, таразы басын өзіне аударды.

Төрешілердің шешімі бойынша 3:2 ұпаймен алға шықты. Соңғы шешуші раундта екі боксшы да аянып қалған жоқ, бірі-біріне алма-кезек соққыларын өткізіп жатты. Бір қарағанда тең дәрежеде өткен сияқты көрінгенімен төрешілердің шешімімен қазақстандық боксшы жеңімпаз атанды.

Осылайша, Қытайдың намысын қорғап жүрген қандасымыз Олимпиадалық іріктеу турнирінің қола жүлдегері атанса, Әбілхан Аманқұл қазақ боксшыларынан үшінші болып финалға шықты.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ерлер арасында 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов пен 57 келіге дейінгі салмақта Серік Теміржанов қола медаль жеңіп алса, 63 келіде ел намысын қорғап жатқан отандасымыз Закир Сафиуллин мен 91 келі салмақтағы боксшымыз Василий Левит финалға өткен болатын.