Биыл құрылған Денис Тен атындағы қор алғашқы кездесуін өткізді. Шарада Оксана Тен алдағы жылы мәнерлеп сырғанаушылар академиясы ашылатынын хабарлады.
ERNUR.KZ. Ұрылардың қолынан қаза тапқан Олимпиада қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен ұлының идеяларын жүзеге асыру мақсатында алдағы жылы мәнерлеп сырғанаушылар академиясы ашылатынын мәлім етті, деп жазады baq.kz.
«Қордың маңызды бағыттарының бірі мәнерлеп сырғанау бағытындағы жобаларды жүзеге асыру. Денис Тен мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды армандады. Оны ол Global Skating academy деп атады. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Академияны 2019 жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Алғашқы қадамдар жасалды», - деді ол журналистерге Астанада өткен брифингте.
Айта кетейік, брифингке ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ мен оған еншілес компанияларының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында аталған қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесінің мүшелері, қордың 2019 жылға арналған жоспарларымен бөлісіп, қор жұмысының алғашқы нәтижелері туралы әңгімеледі.
Қамқоршылық кеңесінің құрамына КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Тарасова, Ұлттық конькимен сырғанаушылар федерациясының басшысы, ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев, танымал кинорежиссер Тимур Бекмамбетов, «Орталық Азия отын-энергитикалық компаниясы» АҚ президенті Сергей Кан, әрі басқа да адамдар кіреді.
Қордың қамқоршылық кеңесін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов басқарады.