Элизабет Тұрсынбаева жарақатына байланысты гран-при турниріне қатыспайды

0
748

Спортшы желтоқсан айында айдынға оралуы мүмкін.


Элизабет Тұрсынбаева жарақатына байланысты гран-при турниріне қатыспайды

ERNUR.KZ. Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева 8-10 қараша аралығында Қытайда өтетін Гран-при турниріне қатыспайды. Бұл туралы Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев мәлімдеді, деп жазады Olympic.kz.

Элизабет арқасын жарақаттап алғанына байланысты бірнеше турнирден сырт қалмақ. Байтақ Тұрсынбаевтың айтуынша, спортшы желтоқсан айында айдынға оралуы мүмкін.

"8 қараша күні Қытайда басталатын Cup of China турниріне Элизабет қатыса алмайды. Ол арқасының жарақатын емдеуде. Бұл күндері Мәскеудегі дәрігерлердің қадағалауымен емделіп жатырмыз. Тұрсынбаева Америкадағы Гран-при турниріне де бара алмады. Жарақатының толық жазылуын күтудеміз. Бұйырса, желтоқсан айында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды деген жоспар бар. Одан бөлек, келесі жылы өтетін "Төрт құрлық чемпионатына" дайындалады. Наурызда ұйымдастырылатын әлем чемпионатына дейін Элизабет бабына енеді деп ойлаймын", - дейді спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев.

Айта кетелік, Элизабет Тұрсынбаева жаңа маусымда Қытайда өткен халықаралық турнирге қатысып, күміс жүлдегер атанды. ISU мәліметінше, Қытайдағы Гран-при турнирінде Элизабеттің орнына Оңтүстік Корея спортшысы қатысады.