Ислам Сәтпаев Париж Олимпиадасына жолдама алды

0
1 525

Ату спорт түрі бойынша Қазақстан құрамасы үшін бұл алғашқы лицензия.


Ислам Сәтпаев  Париж Олимпиадасына жолдама алды
Қазақстандық мерген Ислам Сәтбаев Олимпиада лицензиясын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан құрамасы Бакуде стенд атудан 53-ші лицензиялық әлем чемпионатына қатысып жатыр.
Ерлер арасында "10 м пневматикалық мылтықтан ату" жаттығуының финалында отандасымыз Ислам Сәтбаев 4-ші орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болды. Аталған жаттығу бойынша Париж Олимпиадасына барлығы 4 жолдама беріледі.
Сонымен қатар, алматылық мерген 632,7 ұпай жинап, Қазақстан рекордын орнатты.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Исламды табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
"Ислам Сәтбаевты және Қазақстан құрама командасын бірінші олимпиадалық лицензияны жеңіп алуымен құттықтаймын! Бұл спортшыларымыз үшін Париждегі ойындарға соңғы жолдама емес екеніне сенімдімін. Биыл мергендеріміз ірі халықаралық біріншіліктерде керемет нәтиже көрсетуде. Мысалы, стенд атудан Қазақстан құрамасы Алматыда өткен Әлем кубогының медальдік есебінде үздік атанды. Құраманың өзге де мүшелерінің жоғары нәтиже көрсетуіне тілектеспін", - деді Оралов.
Оқ пен стенд атудан лицензиялық әлем чемпионаты 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Біріншілікке әлемнің 100 елінен 1500-ден астам спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын еліміздің ең мықты 50 мергені қорғайды.
Естеріңізге сала кетейік, ату спорт түрі бойынша Қазақстан құрамасы үшін бұл алғашқы лицензия.