Қоссайыс қортындысы бойынша еншісіне 340 келі салмақты жазған Алексей Чуркин Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореядағы Чинджу қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапындағы Карина Горичева мен Алексей Чуркин жүлдеге ілінді, деп жазады zakon.kz.
Алексей Чуркин (73 келі) жұлқа көтеруді 146 келімен бастап, 154 келі нәтижемен аяқтап кіші күміс жүлдеге иелік еткен. Екінші жаттығуда 186 келіні басынан асырғанымен артынша екі мәрте 191 келі салмақ оған бағынбай кетті. Егер де осы салмақты көтергенде ол Азия чемпионы атанар еді.
Қоссайыс қортындысы бойынша еншісіне 340 келі салмақты жазған Алексей Чуркин Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Тағы бір қазақстандық ауыратлет Карина Горичева 64 келі салмақта кіші күміс жүлдеге ие болды. 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева 2019 жылдан бері қарай халықаралық жарыстарға қатыспаған.
4 жылдық үзілістен кейін тәжірибелі спортшы 64 келі салмақта сынға түсіп отыр. Ол бірінші жаттығуда 85 келіні еңсеріп, артынша 90 келіге тапсырыс берген - көтере алмады. Одан кейін соңғы мүмкіндікте 91 келіні еншісіне жазды. Осылайша, жұлқа көтеруде ол кіші күміс жүлдеге ие болды. Серпе көтеруді өз бағындырып жүрген 95 келімен бастап оны көтерген болатын.
Екінші мүмкіндігінде 101 келіге тапсырыс беріп, барын салып, көтеріп, өзінің жеке көрсеткішінен асып түсті. Енді 106 келіні бағындырса, қола жүлде қолда еді, бірақ бұл салмақты кеудесіне дейін көтеріп еді, зілтемір ары қарай ырқына көнбей кетті. Қоссайсыс нәтижесінде 192 келімен бесінші орын алды.