Бұл кездесуде IBA Asia белбеуі сарапқа салынады.
ERNUR.KZ. 14 желтоқсанда Мәскеуде Shamo Boxing промоутерлік компаниясының "Дерись и побеждай" атты кәсіпқой бокс кеші өтеді. Бұл кеште қазақстандық боксшылар да жұдырықтасады, деп жазады Тengrinews.kz.
Бірінші ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген қазақстандық боксшы әрі әнші Ибрагим Ескендір (6-0, 6 КО) малавилік Мусса Аджибумен (28-14-5, 24 КО) жекпе-жекке шығады. Бұл кездесуде IBA Asia белбеуі сарапқа салынады.
"Ассалаумағалейкум, ағайын! Алла жазса IBA ASIA тұжырымы бойынша Азия чемпионы атағына жұдырықтасуға бел байладым! Қарсыласым 47 жекпе-жектің 28-ін жеңген тәжірибелі боксшы екен. Алла жазса Алаш баласы намысқа шабады. Тілектес халқыма Алла разы болсын", - деп жазды Ибрагим Ескендір Instagram желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар, осы кеште шаршы алаңға ауыр салмақта жұдырықтасатын Уалихан Бисенқұлов (9-1, 9 КО) ресейлік Иван Арацкийге (0-3) қарсы шығады.
19 жастағы Лаура Есенкелді (0-1) кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы ресейлік Елена Выстропова болады.