48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «алтын» үшін болған айқаста Санжар Тәшкенбай Өзбекстан өкілі Шодиержон Меликузиевпен қолғап түйістірді.
ERNUR.KZ. Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай Бангкокта өтіп жатқан 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында қорытынды жекпе-жегін өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «алтын» үшін болған айқаста Санжар Тәшкенбай Өзбекстан өкілі Шодиержон Меликузиевпен қолғап түйістірді. Төрешілердің шешімі бойынша, Қазақстан боксшысы жеңіске жетті. Ол 2023 жылғы 22 жасқа дейін спортшылар арасындағы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алса, Шодиержон Меликузиев күмісті қанағат тұтты.
Санжар Тәшкенбай ересектер арасында 2022 жылғы Азия чемпионы және 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған.
Бүгін Қазақстанның тағы бес боксшысы финалда өнер көрсетеді, олар: Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Абзал Серік (67 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) және Диас Молжігітов (75 кг).
Бұған дейін, қазақстандық боксшы Диас Молжігітов Қытай өкілі Аиликути Кахаерді жеңіп, 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының финалына шыққаны хабарланған болатын. Сондай-ақ Өзбекстан өкілі Азиза Зокировадан басым түскен Жасмин Қизатова турнирдегі алғашқы «алтынды» жеңіп алды. Екінші «алтынды» Гүлсая Ержан иеленді. Бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы бұл чемпионатта жалпы 9 медальді қоржынға салды.