Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
ERNUR.KZ. Бұл жайында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Оың айтуынша, құжатта елімізде осы салаларды дамытудың жаңа бағытын айқындадық, бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға баса назар аударылған.
«Мысалы, 2029 жылға дейін жыл сайын еліміз бойынша 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуге ниеттіміз. Ал ауылдық жерлерде осы бағытты дамыту үшін ауылдағы спорт нұсқаушыларының саны 4 мыңға дейін ұлғаяды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады. Олардың арасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстар өтеді. Халықтың белгілі бір тобы: ерекше қажеттілігі бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, қаржы құрылымдары және т.б. арасында спартакиадалар ұйымдастырылады. Президенттік тестілердің нормативтері жаңартылды. Атап айтқанда, спорт түрлері азайды, ал оларды тапсырған азаматтарға арнайы сертификат беріледі. Егде жастағы қазақстандықтарға ерекше көңіл бөлінеді. Әр түрлі жастағы азаматтарды қамтитын «қолжетімді спорт» жобасын іске асыру жалғасады. Еліміздің барлық өңірлерінде скандинавиялық жүріс, йога және т. б. сабақтар ұйымдастырылады» деп жазды Асхат Оралов Telegram парақшасында.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттауға спорттық-бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде ауылдық жерлерде өткізу арқылы қол жеткізіледі.
Мысалы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.
Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылады.
113 жаңа спорт нысанын салу, 20-сын жаңарту және жұмыс істеп тұрған 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмысы жалғасады.
Ауылдық жерлерде шағын бюджетті жазықтық спорт құрылыстарына және модульдік үлгідегі аз шығынды, тез салынатын спорт кешендеріне басымдық беріледі.
Сондай-ақ, министрлік жұмыс істеп тұрған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарына түгендеу жүргізеді.
Бизнесті спорттық инфрақұрылым салуға ынталандыру жөніндегі шаралар әзірленбек. Мысалы, нысанды салу шығындарының бір бөлігін өтеу.
Министрдің айтуынша, олимпиадалық резервті дайындау мақсатында бүкіл ел бойынша жаттығу орталықтары құрылады, онда жыл бойы жетекші спортшылар да, басым спорт түрлері бойынша барлық дарынды спортшылар да дайындалады.
Бұл орталықтарда жұмыс істеуге ғылыми қызметкерлер де тартылады. Ал облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың құрама командаларын дайындау үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде Астананың үлгісімен олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясын құру жоспарланып отыр.
Жаттықтырушы-оқытушыларға спортшылардың жоғары нәтижесі және оларды спорттық дайындықтың келесі кезеңіне бергені үшін ынталандыру төлемдері енгізіледі, бұл жас таланттардың алға жылжуына көмектеседі, ал мамандарға қосымша мотивация береді.
Алдағы жазғы және қысқы Олимпиадаға дайындық мақсатында «Париж-2024» және «Милан-2026» бағдарламалары іске асады, оның шеңберінде спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
«Спорттық медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде спортшыларды оңалтуға және қалпына келтіруге арналған өңірлік дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің бөлімшелерін ашу бойынша жұмыс жалғасады. Спорттық медицина орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту және ұлттық құрамаларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету сапасын жақсартамыз. Жас спортшылар жағдайында олардың жас, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері ескеріледі. 2025 жылы спорт мекемелері, командалар құрамы, жаттықтырушылар, төрешілер және спорттық іс-шаралар туралы мәліметтер жинауға арналған e-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр» дейді Асхат Оралов.