РЕЗЮМЕ мен МОТИВАЦИЯЛЫҚ ХАТТЫ жазып үйрен, СТУДЕНТ!

0
436

Резюме мен мотивациялық хатты дұрыс жаза білмесең, сенің керемет қабілеттерің мен артықшылықтарың көрінбей қалады.


РЕЗЮМЕ мен МОТИВАЦИЯЛЫҚ ХАТТЫ жазып үйрен, СТУДЕНТ!

көрнекілік: bez.bossa сайтынан


– Жұмыс берушінің көзіне бірден түсу үшін не білу керек?


Қазір жай ғана «мен оқимын, сабаққа барып жүрмін» деген заман емес. Еңбек нарығы – нағыз жарыс алаңы. Қайда барсаң да, «резюме жіберіңіз», «мотивациялық хатыңыз бар ма?» деген сұрақтар алдыңнан шығады. Ал оларды дұрыс жаза білмесең, сенің керемет қабілеттерің мен артықшылықтарың көрінбей қалады. Сондықтан бүгін осы екі құжатты қалай тартымды етіп жазуға болатынын қарастырайық.


Резюме – өзің жайлы қысқа, нақты, әрі сәтті «ЖАРНАМА»

Қарапайым тілмен айтқанда, резюме – бұл сенің визиткаң. Жұмыс беруші саған 1 минут қана қарайды. Осы уақытта-ақ шешім шығарады: «осы адам маған керек пе, жоқ па?» деп.
Сондықтан басты қағида – қысқа, нақты, әрі әсерлі болу.


Резюмеде не болу керек?

  • Аты-жөнің, байланыс деректерің – телефон, e-mail, қалауыңша әлеуметтік желі профилін қоссаң болады
  • Мақсат: қандай жұмыс іздеп жүрсің.
  • Білімің: қай жерде, қандай мамандық бойынша оқып жүрсің.
  • Тәжірибең: егер практика, волонтерлік, не жоба жұмыстарың болса – міндетті түрде жаз.
  • Дағдылар: мысалы, Microsoft Office, Canva, Photoshop, тілдер, сөйлей білу, командамен жұмыс жасау.
  • Қосымша: марапаттар, сертификаттар, курстар.


Кеңес: бір жұмысқа бір резюме – әр позицияға бейімдеп жаса. «Копировать-вставить» етілген резюме нәтиже бермейді.


Мотивациялық хат – не үшін дәл сені таңдау керек екенін көрсететін хат

Мотивациялық хат – бұл сенің «ішкі әлеміңнің дауысы». Яғни, сен осы жұмысқа неге қызығасың, не ұсына аласың, не үйренгің келеді – бәрін қысқаша, шынайы түрде жеткізетін хат.


Қалай жазу керек?

  1. Кіріспе: өзіңді қысқаша таныстырып, қай позицияға өтініш беріп жатқаныңды айт.
  2. Негізгі бөлім: неге дәл осы жерге өтініш беріп отырсың, сенде қандай тәжірибе бар, сен не қоса аласың?
  3. Қорытынды: алғыс айт, кері байланысқа ашық екеніңді көрсет.

Кеңес: шын көңілмен жаз. Интернеттен дайын шаблон көшіріп алсаң, көзге бірден түседі.


Нені ескерген дұрыс?

  • Қателерге тексер! Орфографиялық, пунктуациялық қателер – сен жайлы теріс әсер қалдырады.
  • Қарапайым әрі түсінікті жаз. «Күрделі сөздер – ақылдың белгісі» деген қате түсінік.
  • Өзің туралы айтуға ұялма. Бірақ шектен тыс мақтанудың да қажеті жоқ.
  • Креатив бол. Қазір түйіндемені Canva арқылы визуалды етіп жасау – трендте.


Резюме мен мотивациялық хат – сенің "мен мынандаймын!" деп таныстыратын алғашқы құжатың. Егер оны дұрыс жазсаң, алдыңнан ашылатын есіктер де көбейе түседі. Уақыт бөл, ойланып жаз, шынайы бол – сенің уақытың келеді!