«Үйдегі кісі де, мен де әншіміз. Құдай қаласа, балаларымызды Димаштай тәрбиелеп өсірсек пе деп отырмыз».
«Тағы бір жыл ағайын, бойдақ болам солай қайғы,
Кешіріңдер, карантинде той жасауға болмайды!» - деген жолдары бар «Сентябрьде үйленем» әні лезде хитке айналды.
Біздің кейіпкеріміз – жас та болса бірнеше хит әндердің авторы болып үлгерген ақтөбелік әнші, сазгер Жандос Қаржаубай. Оның жазған әндері қазақ эстрадасы жұлдыздарының репертуарынан орын алған. Қазіргі таңда Ж. Қаржаубайдың «Жан досым», «Алматы» әндерін Қуандық Рахым, «Естелік», «Тәңірдің гүлі» әндерін Иса Әлимұса, «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Ана жаным», «Қыздың көз жасы», «Дос керек», «Мен енді бойдақ емеспін» әндерін Кеңес Әлімжан, «Келесі кездесу», «Хақың бар өмір сүруге» әндерін Әбдіжаппар Әлқожа, сонымен қатар «Жүрек» әнін Жанболат пен Жазира орындайды. Қазақ еліне қызылордалық сазгер Нұртуған Жаңабайдың «Көктемде үйленем» деген әнімен танылған Жандос Қаржаубай ақын Ақжол Түменбаймен тығыз шығармашылық байланыста.
Біресе «Көктемде үйленем», тағы бірде «Сентябрьде үйленем» деп жүрген сері жігіттің жеке өмірінде де биыл жаңалық көп. Ең бастысы, Жандос үзеңгіге аяқ салып, үйленіп, отау құрды. Ән де шырқап, әдемі әндердің сазын да жазып жүрген жан-жақты жігіттің жары да осал болмауға тиіс. Келін де қазақ эстрадасына танылып қалған жас әнші.
– Жандос, «Көктемде үйленем» әнімен танылып, хит болып жатырсыз. Оған дейін қайда жүрдіңіз? Жалпы ән әлеміне қадамыңыз қашан басталып еді?
– Иә, «Көктемде үйленем» әні басыма бақ боп қонған ән болды. Алла қалап, бір жыл бұрын мамыр айында жарыққа шықты. Оның алдында өзім айтқан ковер үлгісі бойынша тараған еді. Гитарамен жанды дауыста танылған әнді кейіннен эстрадаға салып ұсындық. Ә дегеннен ютубтан жақсы көрілім жинап, қазақтың тойларында айтылып, қазіргінің «Жар-жары» болды десек, артық айтқандығымыз емес. Бүткіл қазақтың той-жиыны «Аягөзбен» басталып, «Көктемде үйленеммен» аяқталатынын көріп келемін.
Хит әнге дейін өнерде әнші ретінде емес, сазгер ретінде жүргенмін. Эстрададағы көптеген әншілерге ән жазып жүрдім. Ең алғаш рет Қуандық Рахымға «Жан досыма» дейтін ән жазғанмын. Одан соң Кеңес Әлімжанның репертуарындағы әндерді жаздым. Сөйтіп жүргенде өзім де ән айтып, әнші боп кеткен жайымыз бар.
Өнерге бала күнімнен ғашықпын. Кішкентай кезімнен ел алдында жүрдім.
– Осы әніңізді кейіннен Нұрбай Атамұрат екеуің дуэт болып «Сентябрьде үйленем» деп қайта өңдеп шығардыңыздар. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде сіздің үйлену тойыңыздың бейнеүзіктері пайда болды. Сонымен қай айда, қай субботада үйлендіңіз енді?
– Менің тойымнан кейін «Сентябрьде үйленем» деген әнді жарыққа шығардық. Адамнан жасырмағанды Алладан жасыра алмайсың. Менің тойым шілде айының 20-сы күні өтті. Дәл сол күні анамның туған күні болатын. Дәл сол күнге қойған себебіміз, 7 сыныпта оқып жүргенде анаммен шәй үстінде әңгіме айтып отырып айтқаным бар еді. «Мама, сіздің туған күніңізге ешнәрсе сыйлай алмадым. Уәде беремін, сіздің туған күніңізде келін сыйлаймын!» деп. Бала тілекті періштелердің қабыл еткені ғой, осы жазда шілденің 20 күні отау тігіп, анама келін сыйлаған жақсы жаңалығым бар.
«Сентябрьде үйленем» әнінің сөзін Тілеген Әли «Кешіріңдер, карантинде той жасауға болмайды!» деп аздап сөзін өзгертіп, Нұрбай бауырым айтып шықты. Сол бір өлең жолы барша бойдақтарға әсер етті ме, әйтеуір, жақсы таралып кетті. Одан соң Нұрбайдың әпкесін алып, мен оған жезде боп, «осы әнді айтып шықсам қалай болады?» деп қолқа салған еді. Мен рұқсат етпедім, сосын дуэт болып айтып шықтық. Бұл әннің де аяқ алысы жаман емес, ютуб желісінде миллиондаған көрілім жинап, көрген жерде екеумізді де ел танып жатыр.
– Жан жарыңыздың өнерге қатысы бар ма?
– Маңғыстау облысының тумасы, елге біршама танылған қыз. Көптеген ковер әндер айтып, халықтың жүрегінен орын алып жүрген Жұпар Садақбаева деген қыздарыңызды шаңыраққа келін қылып түсіргенмін. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын эстрада жанры бойынша бітірген. Жалпы, өнерден кенде емес. Ол кісі де, мен де әншіміз. Құдай қаласа, балаларымызды Димаштай қылып тәрбиелеп өсірсек пе деп отырмыз.
– «Тұсаудай кесілмеген, Шынжыры шешілмеген, ей, өмір, бақытың қаншадан?!
Көгіне көтермейтін, Қарызы өтелмейтін, ей, өмір, бақытың қаншадан?!» деген жолдарымен орындайтын әніңіз бар. Өмірдің бағасын біле алдыңыз ба?
– Тыңдаған адамға ой саларлық ән. Бақыт деген дүние сатылмайды. Мен өзім көңіл-күйдің адамымын. Біреуді ренжітіп, өкпелетіп алғым келмейді. Барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Кейде армандаған дүниең болмай қалады. «Әттеген-ай!» деп сан соғып қалған кезде «Ей, өмір, бақытың қаншадан? Жұртқа берген бақытыңды маған да беріп тұршы!» деген әңгіме ғой. Аллаға шүкір, төрт құбылам тең, ата-анам аман, бауырым бүтін, айналам түгел. Қайынжұртым аман. Жігітке осы бақыттан артық не керек?
– Ән жазарда шабыт қай уақытта келеді? Жалпы шығармашылықпен айналысқанда күй талғайсыз ба?
–Көңіл-күйдің адамымын. Біресе өз-өзімнен түнеріп кетемін. Қуанышты сәттерде жер-көкке сыймай кетемін. Сондай бір сәттерде шығып қалады. Көңілді жүргенде көңілді әндер, мұңайып жүрсең мұңды әндер шығады. «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» махаббаттан бақыт таппай жүрген кезде шыққан ән. «Жан досыма» деген әнім досымды туған күнімен құттықтауды ұмытып, ренжітіп алып, досыма жұбату айтқан әнім еді. «Көктемде үйленем» аты айтып тұрғандай анама келін әкелем деп, қуанышты нотада жазылған ән. Барлығы адамның көңіл-күйіне байланысты. Күндіз не түн демеймін, шабыт қай уақытта келсе сол кезде отыра қалып жазамын.
– Жас та болсаңыз көптеген хит әндердің авторына айналып үлгердіңіз. Құпия болмаса, бір әніңіз қанша тұрады?
– Алланың қалауымен біраз ән шығарып, олар хит болып кетті. Әндерімнің қатып қалған бағасы жоқ. Бірақ, қаламақы деген дүние бар. Кезінде Мұқаңдар мен Шәмшілер де ресми жұмыс істемеген ғой, газет-журналдарға өлеңін беріп, қаламақымен күн көрген. Біздің де белгіленген азды-көпті қаламақымыз бар. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қолжетімді бағада келісіп бере береміз. Көңіл-күйіме қарай, тіпті, тегінге беретін кездер болады.
– Өнерде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? Хит болу үшін қандай баспалдақтарды басып өтуге тура келді?
–Қазір өнер адамдарының сұхбаттарын тыңдасаң, көпшілігі өмірден баз кешкен, көп қиындық көргенін айтып жатады. Рас-өтірігін білмейміз ғой. Аллаға шүкір, өнер әлемінде ешқандай қиындық көрмедім. Хит әндер жазамын деп келген жоқпын. Алланың берген бағы мен ниетке қарай болып жатыр бәрі де. Қандай ән шығарсам да, дұға етіп, тілек тілеймін.
– Сіз әлі студентсіз ғой деймін?
–Иә, мен әлі студентпін. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4 курс студентімін. Сабақ онлайн боп жатқан соң, қазірше ауылдамыз. Үйлендім. Келіндеріңіз ата-енесіне қызмет етіп жатыр. Ата-анам «Алматыларыңа барыңдар!» десе, қараша айында Алатаудың бөктеріне жол тартатын ой бар.
– Екі әншінің басы бір қазанға сыяр ма екен?
– Өте орынды сұрақ. Жалпы, жат жерге барып, қайын жұртына қызмет жасап, сол шаңырақты шайқалтпай ұстау, ағайын-туыстың ауызбіршілігін сақтап, күйеуінің мәртебесін көтеріп отыру әйел адам үшін ең үлкен өнер. Менің келіншегім де отбасылық өмірді басты орынға қояды. Үйде костюм-шалбарымды үтіктеп, сапарға шығарып салып, мен кеткенде үйдің берекесін кіргізіп, орнымды жоқтатпай отыру – Жұпардың міндеті. Ол өз міндеттерін жақсы біледі. Шығармашылық жағына келер болсақ, ол жағын да тоқтатпаймыз. Құдай қаласа, Жұпекеңмен дуэтіміз шығады. Бейнебаян түсіріп, екеуміздің шығармашылығымызды қатар алып жүру басты жоспарда. Сондықтан, екі әншінің басы бір қазанға сыяды деп сеніммен айта аламын.
– Жандос, сұхбат бергеніңізге Алғыс! Сіз шығатын биіктер әлі алда деп есептейміз. Шығармашылығыңыз шарықтай берсін!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: