Арайлым Абатқызы: "Той – біз үшін кәсіп көзі және халықтың алғысы"

0
5 056

Өнерді өмір деп қарап, оны тіршілігіне ұштастырған жандар қаншама. Тіршілігін түгел өнерге арнап, бірге өреді. Бүгін біз өнердегі өрнегін енді қалыптастырып келе жатқан әнші Арайлым Абатқызымен сұқбаттастық.


Арайлым Абатқызы:

-Қайырлы күн, Арайлым. Алдымен өзіңізбен танысқымыз келеді, туып, өскен, білім алған ортаңыз туралы айта кетсеңіз.


- Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Саралжын ауданында 1978 жылы дүниеге келдім. Кішкентайымнан өнерге құштар болып, ауылдық, аудандық, қалалық, республикалық конкурстарда жиі бой көрсететінмін. 9-сыныпты бітірген соң Ақтөбе педогогикалық колледжнің музыка факультетіне оқуға түстім.

Одан соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің музыка факультетінде білімімді жалғастырдым. Бала кезімнен «Әнші балапан», «Балдәурен» байқауларында жүлделі орындар алдым, Кентау қаласында өткен республикалық фестивальдың лауреатымын. «Екі езу» сатира театрында ән айттым.


-Шоу-бизнесте өзіңді қалыстастыру мен тұрақтау үшін демеуші, қолдаушылар керек. Сіздің демеушіңіз бар ма?


-Мені өнерге баулып өсірген – әкем. Ол кісі әнші, домбырашы болған. Әкем Мырзабек Абат Мырзабекұлы ерте дүниеден озды. Былтыр «Әкеме» әнім жарық көрді. Ал анам інім екеумізді өзі бағып-қақты. Анамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ата-анамның қолдауымен білімімді шыңдап, жаным қалаған салада жұмыс істеп келемін. Жанашырларымның қатарын жолдасым толықтырды. Сол кісілердің қолдауының арқасында үлкен дәрежелерге жетіп келемін.



-Жарыңызбен бірге дуэт орындайды екенсіз. Сіздерді табыстырған өнер ме?


-Екеуіміз бірге ән айтуды осыдан бес жыл бұрын бастадық. Ортақ ән қоржынымызда бірнеше туынды бар. Ол кісінің жаны да әнге, өнерге жақын. Ән айту арқылы бір-бірімізге деген сезімімізді, махаббатымызды білдіреміз. «Алма ағышынан алысқа түспейді» дегендей, балаларымыздан да өнерге бейімділік байқалады. Олар да ән шырқайды, би билейді, домбырада ойнайды.


-Ән айту сіз үшін шығармашылық па әлде табыс көзі ме?


-Ең бірінші бұл – махаббат, бұл – сезім. Өнер – ішкі шабыт. Ол кез келген адамға бұйыра бермейді. Мен өнерден шабыт аламын. Шабыт арқылы шығармашылығымды өсіремін, оны көкке жеткіземін. Ал шығармашалық маған, әрине, қосымша табыс әкеледі. Қазіргі таңда «Арай» мектеп-студиясы атты өзіміздің оқу орталығымыз бар. Балаларды, жасөспірімдерді, тіпті, ересектерді өнерге баулимыз. Бала күнгі арманына жете алмаған үлкен кісілер де бізден дәріс алады. Бұл – біздің табысымыз. Жолдасым екеуіміз де жеке кәсіпкерміз. Бірқ ол кісі басқа іспен айналысады.



-Бұлай сұрағаным, той бизнесте беделді адамдардың бірі екенсіз. Осы жөнінде де айта кетсеңіз?


-Біз 15 жылдан бері той бизнесіндеміз.Той – біз үшін кәсіп көзі және халықтың алғысы. Аллаға шүкір, халық бізді сүйеді, жақсы көреді. Ақтөбе өңірінде сұрасаңыз, көпшілігі таниды. Тойларыңыз болса, айта кетіңіз.


-«Мерейлі отбасы» байқауы туралы айтып берсеңіз.


-Біз көптеген отбасылық байқауларға қатысып, жеңімпаз болғанбыз. Отбасы – бірінші қолдау, бір-біріне деген сенім, қорғаныш, махаббат деп білеміз. Осы арқылы да бүгінде біраз шаруаны бірге жүргізіп келеміз. Балаларым еңбек пен өнерді бірге алып жүр. «Мерейлі отбасы» отбасылық байқауында да бірінші орын иелендік. Биыл «Отбасы күні» қарсаңында өткен қалалық конкурста да топ жардық.


-Әңгімеңізге рахмет!