АUKA: "Маска" шоуындағы Бүркіттің 7 әні 7 түнде жазылды"

0
4 894

АUKA - кавер орындаушы, әнші және ән өңдеуші


АUKA:

Қарашаш Есенбай: АUKA, көпшілік сізді кавер орындаушы ретінде таниды. Қазір тек бізде ғана емес, әлемде кавер орындаушылар сұраныста сияқты. Олардың жұмысы түпнұсқадан да танымал болып жатыр. Бұл тенденцияға не себеп деп ойлайсыз?


АUKA: Ия, мені көпшілік кавер орындаушы ретінде таниды. Бірақ,өзімнің авторлық әндерім де бар.Сол әндерді қазір жазып жатырмын. Бұйырса, тек кавер орындаушы емес, өзім жеке әнші ретінде де Алла жазса халық танитын болады деген ойдамын. Бұл енді бұрынғы орындалған әндер. Мысалы 3-4 жыл бұрын орындалғаннан кейін заман дамиды. Біздің жасап отырған дыбыстар мен плагиндар де дамып, өзгеріске түседі. Олардың сұранысқа ие болуы жасаған адамға, оның талантына да байланысты деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз өзгеге ұқсамайтын нұсқамен келдіңіз. Бұл идея қалай пайда болған еді?


АUKA: Бұл идея аяқасты пайда болды. Студияда жұмыс істеп отырғанмын, қасымда бірге жүретін бауырларым, «Осындай кавер жасап көріңізші» деп ұсыныс жасады. Содан кейін өзіме ұнайтын жұмыс болғандықтан, жасадым. Өзім осындай әндерді көп тыңдайтындықтан, сол бағытта жасап көрдім. Әйтпесе, «Ойпырмай, мен осы елден ерекше болайыншы» деген ой болған жоқ. Өзіме ұнағанды жасап едім, ол халыққа да ұнады.


Қарашаш Есенбай: Сіз айтқан әрбір ән хитке айналып жатыр ғой. Осы кезде ән авторлары, орындаушылары ренжіген кезі болды ма?


АUKA: Керісінше, олар жақсы пікір айтып, өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасына қолдау білдіріп, жариялап жатады. Ренжіген кездер болмады, барлығы жақсы.




Қарашаш Есенбай: Өзіңізге ерекше ұнаған каверіңіз қайсы және неге?


АUKA: Өзіме барлық каверларым ұнайды. Бөліп, жаратын ешқайсысы жоқ. Мысалы, «Қыз бала – гүл» ерекше ұнайды, содан кейін "Кішкентай қыз","Толқыным" деп бәрін айтып кетсең (күліп). Мен жұмыстарымнан ләззат алып отырып жасаймын, сондықтан шығар олар жақсы шығып, танылып жатады.


Қарашаш Есенбай: Әншілермен де бірлесе жұмыс істеп, бірге айтып жүрсіз. Ұсыныс көбінде кімнен болады?


АUKA: Негізі екі жақтан да болады. Кейде кезігіп қалған кездегі «Бірге жұмыс істеп көрсек қалай болады?» деген ойлардан туады. Кейде әншінің өзі айтса, кейде мен айтамын.


Қарашаш Есенбай: Кавер айтудан бөлек, талантты ән өңдеуші екеніңізді білеміз. Кейбір қойылымдарға да сіздің жұмыстарыңыз қолданылады екен. Бізде ән өңдеушіні арнайы дайындамайды ғой. Бұл салада маманға ең бірінші не қажет деп білесіз?





АUKA: Бұл салада бірінші, адамның ішкі қалауы болу керек. Жұмысқа деген өзінің ынтасы маңызды. Менде ән өңдеуші болайын деген ой болған жоқ. Тек өзіме рахат сыйлағандықтан айналысып жүрдім. Одан кейін ақырындап кәсіпке айналды.

Бұл кәсіппен айналысу үшін адамға ниет және тыңдау қабілеті, музыканы түсіне алу қабілеттері керек. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, өзінің табиғаттан берілген таланты жоғары болуы керек.


Қарашаш Есенбай: Қазір хитке айналған Әміренің (Бүркіт) орындаған каверларын сіз өңдеген екенсіз. Ешкімге ұқсамайтын бояу, бұрынғы хиттарға жаңа леп берген сияқты. Тіпті “талантты әншінің бағын жеті кавер ашты” деген пікірлер оқыдым. Ол жұмыстар қалай жүріп еді? Сол туралы айтып берсеңіз.


АUKA: Иә, «Бұл Әміренің бағын ашты» деп толықтай айта аламын толықтай. Оған дейін де біраз халық танитын әнші ғой. Бірақ осы каверлар оны жақсы танытты, былайша айтқанда хитқа айналды.

Ең бірінші «Маска» шоуына Әміре қатысатын болды, сосын маған «қолдау көрсетесің бе?» деп сұрады. Біз екеуміз бұрыннан жақын доспыз, бірге жазған әндеріміз де бар. Досым қолдау сұрағандықтан, мен аянып қалған жоқпын. Бір ән бір түнде жасалды,7 кавер болатын болса, жетеуі 7 түнде жасалды. Дыбыс жазу, өңдеу, дайындау барлығы бір түнде дайын болып отырды. Әміренің күндіз жұмыстары бар, түнгі сағат 12-де келеді, сосын екеуміз таңғы 7-8 дейін ән жазамыз. Сондай еңбекпен жасалған дүние, халықтың да ықыласын алды.



Қарашаш Есенбай: Аука және Ауғантай. Сіздің жұмыстарыңыз туралы желіде ақпараттар көп болғанымен, өзіңіз туралы аз. Өзіңізбен жақынырақ таныссақ, туған жеріңіз, отбасыңыз туралы айтып беріңізші.


АUKA: Менің толық аты-жөнім - Исаұлы Ауғантай. 1991 жылы Монғолия мемлекеті Өлке қаласында дүниеге келгенмін. Қазіргі таңда Нұр-сұлтан қаласында отбасыммен тұрамын. Үйленгенмін, екі балам бар. Мамандығым бойынша, музыка-драма актерімін.


Қарашаш Есенбай: Иә, кәсіби актер екеніңізді оқыдым. Шабыттың түлегі екенсіз! Болашақта осы салада сізді көре аламыз ба?


АUKA: Әрине, жоспарым бар. Бірақ осы ән саласында өзімді қалыптастырып алған соң ғана, актерлік қабілетімді шыңдаймын деген ойдамын.


Қарашаш Есенбай: Өнердің шыңынан түспеңіз! Сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!