«Қалада тұрып та қиналып жүргендер бар... Күніне 200 литрге дейін сүт сауатын едік...»
Қой-ешкі қысу (пішу), сауындағы құлындардың күтімі, жабағы бөлу, бие сауын, тазы байлау, сепаратор тарту, көкпар, бәйге беру, бір сөзбен ауылдың атмосферасын сезінгіңіз келе ме? Онда инстаграмдағы ауыл өмірі және жеке бизнес жайлы блог жүргізетін Саида Кәрібаеваның парақшасын қараңыз. Ол ауылдың қайнаған өмірін ғана көрсетіп қоймайды, СММ, инстаграм жүргізіп, табысқа кенелу жайлы да алуан түрлі мағлұматтар береді. Қалған қызықтарды кейіпкерім сұхбатта айтып берген еді.
– Саида, сіз ауыл өмірі және жеке бизнес жайлы блог жүргізіп, тек Қарағанды ғана емес, облыстан тыс жерлерге де атыңыз белгілі бола бастады. Әсіресе, инстаграмда сіздің блог хит, сіз байлаған жылқылар да, сіз өсірген тауықтар да, сіздің жүргізген курстар да хит. Осы танымалдылыққа қалай жеттіңіз?
– Осыдан бір жыл бұрын блог жүргізуді бастадым. Бір жылдың ішінде күнделікті тіршілігімізді, шаруамызды салып отырдым. Жәй ғана салған жоқпын, сапалы етіп өңдеп, оқырманға қазіргі заманға сай қызықты, позитивті әрі мотивация беретіндей салып келемін. Блогымда ауыл өмірі, қымыз-кафе бизнесі жайлы жүргіземін. Ауылдық жерде тұрып, балаларымызға қазақи дәстүр мен тәрбиені сіңіріп өсірудеміз. Бүгінде оқырмандарымның саны арта түсті. Ақырындап танымал болып жатырмын.
– Қателеспесем, сіздің мамандығыңыз биотехнолог, иә? Алайда, диплом сандықта жатқанға ұқсайды...
– Иә, КарГУ-дың биотехнология мамандығын қызыл дипломға бітіргенмін. Дипломдық жұмысымның тақырыбы – «Қымыз ашытудағы микроорганизмдердің пайдасы» еді. Осы тақырып – менің өмірлік тақырыбыма айналды. Яғни, қымыз дайындау ісін іс жүзінде жетілдіре түстім. Бірақ, мен бұл мамандыққа жақсы көріп түспедім. Бар таңдаудың ішіндегі жақсы вариант болды. Содан техникалық университетті бітіріп, диплом бойынша бір жыл биология пәні мұғалімі болып жұмыс істедім. Иә, иә мен жоғарғы сыныптарда биология мен географиядан (мұғалім болмаған соң қосып берген, жақсы білетін едім) мұғалім болдым. Сонымен болды...
4 жыл бойы оқығансың ғой. 4 жыл оқып қаншама жалақы алғанымды айтсам, енді тым күлкілі. Менің ең бірінші алған айлығым 27 мың теңге. Содан әйтеуір деп бір жыл шыдап, декретке шығып кеттім.
4 жыл бойы оқып (қайта грантта оқыдым), 60 мың теңге үшін жұмыс істеп жүргенімді ойласам өз-өзімді аяп кетемін.
Ал, қазіргі уақыт қандай? Қазіргі уақытта аз уақытта (1-2ай) инстаграмның бір саласын игеріп, маман болып, миллиондаған табыс табуға болады. Ең бастысы өзің игерген саланың МЫҚТЫ маманы болу. Үнемі біліміңді арттырып отыру. Бұл жерде дипломды сұрамайды, істеген жұмыстарыңды сұрайды!
– Инстаграмды меңгеру арқылы миллион табуға болады депсіз. Өзгелерге мотивация болсын, бүгінде инстаграм арқылы айына қанша табыс табасыз? Ашығын айтыңызшы...
– Негізі адамның қызғанышын оятпау үшін бірнеше нәрсені ашып айтуға болмайды дейді. Соның бірі, ол сенің табатын табысың. Сөз бар, көз бар дегендей. Айына 1 миллион теңге біздің қазіргі табатын табысымыздың бір бөлігі ғана. Ерінбей еңбектенсең, әрине, миллионнан артық табуға болады. Ең алдымен жалқаулықты жеңу керек.
– Бір пост жазу үшін қанша уақыт жұмсайсыз?
– 10-15 минут уақыт кетеді. Пост жазу үшін де шабыт керек. Алдын ала ойластырып жүремін. «Не жазсам екен?» деп соған сәйкес фото, видео түсіремін. Жазбаларымды бір адамға әңгіме айтып отырғандай, барынша қарапайым жазуға тырысамын. Оқырмандарым посттарымды сол үшін де жақсы көретін сияқты.
– Инстаграмның қыр-сырын үйрететін "бомба курстарым бар" деп жазасыз. Ол қандай курстар?
– Ең бірінші адам үйренген білімін тәжірибе жүзінде іске асыру керек. Барлығын білем деп отыруға береді. Ал іске келгенде түк бітірмейді. Үйренген білімді тәжірибеде қолданып, тұрақты болса нәтиже шығаруға болады.
Мысалы, кез-келген бір зат іздесек, инстаграмға жүгіретініміз рас қой. Ал, сіз сататын өнім/қызметті дәп сізден сатып алу үшін ең бастысы парақшамызды дұрыстап, ұқыптауымыз керек.
Қазіргі уақытта жұмыс істейтін адамдардың көбісі уақытын аптасына 5 күн, 9°°-ден 18°°-ге дейін жұмыста өткізеді.
Таңертең ерте тұрып, балаларды садикке тастап, өздері қаламайтын жұмыстарына баратындары көп. Және сол жұмыстан алатын жалақысы күнделікті жүріс тұрысына да жетпейтіні бар... Ал, мен қазіргі заманнан қалмай, әлі де мүмкіндік бар болып тұрғанда, бұл салада мықты мамандар қажет болып тұрғанда инстаграмды меңгеріп алыңыз деп айтамын! Ол үшін білім алыңыз, ютуб пен гуглдан мағлұматтар іздеңіз. Курстарға қатысыңыз.
СММ-ді түсінікті тілмен жеткізетін болсам, әлеументтік желіде (инстаграм) маркетинг жасау. Зат/тауар/қызмет сатуын көбейту. Өзінің атын танымал әрі сенімді қылу (жеке бренд).
– Сіз жеке брендіңізді қалыптастыра алдыңыз ба?
– Қазіргі кезде кім болса да игеріп кете алатын СММ саласында мамандық өте көп. Болашақ осы СММ-де десем қателеспеймін.
Егер сіздің сататын не ұсынатын тауар/қызметіңіз болса СММ қызметтері арқылы көп клиент шақырып, сатылымды көбейте аласыз.
Тіпті, құрт-майдың өзін қымбат бағада сатуға болады. Бастысы, жеке брэндіңіз қалыптасса болды. ⠀
Жеке брэнд – бұл сіздің беделіңіз. Сізді көзбе-көз танымаса да, атыңызды сыртыңыздан естігенде адамның сіз жайлы қалыптасқан ойы, көзқарасы. Жалпы, сіздің атағыңыз. Яғни, сіз бір жетістікке жеткен, белгілі бір сфераның (бөлімнің) маманы болсаңыз, сіз ұсынатын затты адамдар ойланбай-ақ сізге сеніп ала береді. Жеке брэнд осы үшін қажет.
Өзіме келсек, мен «Қымызын-ай» жеке брендін қалыптастырдым деп нық сеніммен айта аламын. Біздің кафемізді қазірде көптеген авторлық тағамдарымыз бар.
– Атқа да мінесіз, трактор да, мотоцикл де, көлік те жүргізесіз. Оның сыртында ауылдың қарапайым келіншегіне тән қаншама қара жұмыс бар. Одан бөлек, әлеуметтік желіде белсендісіз. Сонша күш-қуатты қайдан аласыз?
– Ең әуелі жолдасым, ата-ене, қайындарымның қолдауы болмаса ештеңе де істелінбес еді. Отбасындағы ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында болып жатыр бәрі де. Әрине, Құдайдың өзі күш-қуат береді ғой. Өсіріп отырған бала-шағамызға жақсы да сапалы өмір қамтамасыз ету үшін тынбай еңбектену қажет. Біреу саған дайын дүниені тегіннен-тегін әкеліп бермейді. Ден сау кезде шаруа істеген дұрыс деп ойлаймын.
Бірақ, мен де шаршаймын ғой, шаршаған уақытымда түкке қарамай 1-2 деп өтірік айтпай-ақ қояйын, 3-4 сағат ұйықтап алатыным бар... Ал, денсаулығыма байланысты болса, бір жер мазаласа бірден сол істің маманына жүгінемін, бұл жерде ақша сұрағы маңызды болмайды. Жұмыс істеп, денсауылығыма дұрыс қарай алмасам, не үшін істеймін?!
– Күйеуіңіз тұрғанда сізге тракторға мінуге не итермеледі? Әлде мұның бәрі хайп үшін бе?
– Бұл ешқандай қажеттілік емес. Мен өзім кейде ер адамның шаруасына кірісіп кететінім бар. Бірақ, оның бәрі ең соңғы сәтте ғана. Біздің үйде әркімнің жеке жұмыстары бар. Барлығы менің жанымда жүгіре бермейді ғой. Бір жұмыс екінші жұмысқа қарап тұратын кездер болады. Мен ондай жұмыстарды ерлік істедім деп ойламаймын. Барлығымыздың ортақ жұмысымыз болған соң керек жерінде бір-бірімізге көмектесеміз.
– Ауылда тұрған қиын емес пе?
–Мәселе қайда тұрғанда емес, кіммен тұрғанда шығар. Қалада тұрып та қиналып жүргендер бар. Ауылда тұру қиын емес. Қайда тұрғаны емес, қалай тұрғаны маңызды деп айтқан болар едім. Табысың жақсы болса кез келген жерде жақсы тұруға болады.
– Анкетаңызда көпбалалы ана, екі ата, екі енені бағып отырмын депсіз. Сонда енеңіздің ата-енесі сіздің қолыңызда ма?
– Дұрысы күйеуімнің әжесі енемнің қолында. Мен негізі үйде көп отыра бермеймін. Үйде енем үй шаруасына, ата-әже, бала-шағаға қарап отырады. Үйді таза ұстау, тамақ істеу менің мойнымда. Үйдің шаруасын бітірген соң сыртқы жұмысқа кірісемін.
– «Қымызын-ай» деген кафеңіз бар екен... Күніне 200 литрге де сүт сауған кездеріңіз болыпты. Кез келген жетістік үлкен еңбекпен келеді емес пе?!
– Біздің кафенің атауы «ҚЫМЫЗЫН-АЙ» болып аталуы да біздің еңбегіміздің жетістігімен байланысты. Үйленген жылы жолдасым қымызбен айналысатын бизнес-серіктес тапты, бірақ біздегі бие олар талап еткен қымыз көлеміне жетпеді. Енді ондай қымызды қайдан табамыз деп жүргенде, жолдасыма бір идея келді. Ол, ауыдың жылқысын тегін бағып, биесін сауу. Сөйтіп біраз кісі келісті, әрине айына бір жылқыға 2000 тг төлеу ауыл үшін қымбаттау. Содан бірнеше ай бойы ауылдың жылқысын тегін бағып, биесін сауып, қажет көлемді беріп тұрдық. Бір күні қаладан келсек, үйдің маңы у-шу ауыл адамдары өз жылқыларын бөліп алып кетті (біздің ақша тауып жатқанымызды қызғанды ма, білмедік). Не істерімізді білмей састық. Бірақ мен де, жолдасым да ешқашан бір депресияға түсу, уайымдау деген жоқ қой. Содан жолдасым аудандағы малы біршама туысқан ағаймен келісті. Сол кісінің қыстағында жылқысын сауып, жылқысына ие болатын болдық. Не керек күйеуімнен қалмай 3 айлық баламен қыстаққа барып тұрдық. Олжас қыстақта өскен бала ғой. Қайындарым да жас. Бәріміз талмай еңбек еттік.
Күніне 200 литрге дейін сүт сауатын едік. 200 литр деген оңай емес. Бір бие бір сауғанда 200мл -1л сүт береді. Кей кездері Олжасты коляскаға отырғызып сауынға баратын едім. Не керек жүгіріп, жанталасатын едім. Жүре бастаған кезде қалмай сауынға бірге баратын (аяғыма жабысып отыратын).
Сол жерде 5 жыл тұрдық (көктем-күз аралығында). 3 жылдан соң біздің бизнес серіктес келісімді тоқтатты, біз күніне 150 литр қымыз сата алмай қалдық. Енді не істейміз дегенде жолдың бойына вагончик қойып, сол жерден қымыз саттық. Кейін қасына киіз үй қосып, қуырдақ, бауырсақ жасап жүрдік. Көктемнен күзге дейін ғана істеп жүрдік. Менің командамда өзім, 2 қайным, арасында сіңлім келіп көмектеседі.
Оңай болған жоқ... Оған қоса Нұртас кішкентай, Абуға аяғым ауыр. Күн деген ыстық қой. Солай 2-3 жыл жүрдік. Балаларымның сүйектері қатайған соң енеме тастаймын да жұмысқа кірісемін. Сол кездері үйден ерте кетемін, түнде сағат 1-ден аса келіп жүрдім. Ұлдар кейде мені көрмейтін де.
Сөйтіп қыс болса да бие саудық. Қыста қымызды тапсырыспен апарамыз. Қыста бие сауу, күбі ыстау деген енді қиын, жылы жерде жатқың келеді ғой енді... Жиналған ақшаға мал сатып алып отырдық. Бір күні жақын жерден бір кафе сатылады екен дегенді естіп, күйеуім барып сөйлесті. Бізге бұйырып тұрған екен. Ана кафені несиесіз, тапқан табысымызға сатып алдық. Менің дәмді тамақ жасауға деген махаббатым осындай табысты іске айналды. Осы уақыт ішінде қаншама тер, еңбек, жүйке, ақша жұмсалды! Бәріне де шүкір дейміз, әрине!
– Келешекке қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазіргі карантин кезінде алдағы күндерге ұзақмерзімді жоспар жасай алмайды екенсің. Өйткені, алда не болатынын білмейміз. Әрине, жоспарымыз көп. Оның бәрі ауылдық жерде жүзеге асырылады. Алматы-Екатеринбург трассасының бойында орналасқан «Қымызын-ай» кафемізді кеңейтсек дейміз. Мал шаруашылығын дамыта түссек дейміз.
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
«Сыңсуымыз ел аузында жүр» : Ұзату тойында хит болған жас әншімен сыр-сұхбат
“Мейрамбек мас сияқты ма?» : Әнші Беспаев «Оригиналға» батасын берді