«Бірі шұжық, бірі компот шығарды» : 2021 жылы кәсіп ашқан өнер жұлдыздары кімдер?

0
3 656

Өнер адамдары отандық өнім өндірушілеріне айналды


«Бірі шұжық, бірі компот шығарды» : 2021 жылы кәсіп ашқан өнер жұлдыздары кімдер?

Өтіп бара жатқан 2021 Сиыр жылы өнер адамдары, шоу бизнес өкілдері үшін қандай жыл болды?

2020 жылғы бүкіләлемдік пандемиядан кейін барша адамзаттың өмірге деген көзқарасы, қала берді рухани және материалдық құндылықтар өзгергені шындық. Уақытының басым бөлігін сахнада не тойда өткізетін өнер иелері локдаун кезінде қиналып қалғаны да өтірік емес. «Концерт, тойлар тоқтап, бір жыл үйде отырып, көп нәрсеге көзіміз ашылды. Шығармашылықтан бөлек қосымша бір кәсіп ашу қажет екенін ұғындық» деп айтқандар жиі ұшырасты. Арасында карантинде құр отырмай, жеке кәсібін ашып, жүргізіп отырғандары да баршылық. Олардың бірі шұжық, тағы бірі компот, екіншісі косметика дүкенін, үшіншісі ерекше үлгідегі киім, т.б. ойлап тауып, сатылымға шығарды. Инфобизнесті ілгерілеткендері қаншама. Онлайн бизнес жасаудан танымал әнші Алтынай Жорабаева да көзге түсті. Ол банкі жабу туралы курс ойлап тауып, сатты. Осылайша өнер адамдары отандық өнім өндірушілеріне айналды. Біз 2021 жылы шоу бизнестен жеке бизнеске қадам басқан өнер иелерінің топтамасын жасап едік.


«Заман» шұжығы

Есті де мәнді әндерімен танылған «Заман» тобы нарыққа 7 түрлі шұжық шығарып көзге түсті. Алдымен өнер ордасы Алматыда, сосын Ақтау қаласында өнімнің тұсауын кесіп, сатылымға шығарды. «Замандық» Әсет Қарабалин мен Ерген Айтымбетов шұжықты «Өте сапалы, өте керемет шұжық» деп сипаттайды. Қос әншінің оқырмандарының арасында «Шұжықтарыңыздың неден жасап жатқанын өздеріңіз тексересіздер ме?» деген сауалға: «Әрине. Қатаң қадағалап отырмыз. Алладан қорқамыз!!! Шұжығымыз сіздерге ұнайды деген сенімдеміз» деп жауап берген.



«Заман» тобындағы Әсет Қарабалин шұжықтан бөлек, Medallion_restaurant деген мейрамхана ашыпты.


Дариға косметика дүкені



Белгілі актриса, көпшілікке «Келінжан» фильміндегі Айсара образымен сүйкімді болған, 2019, 2020 жылдары екі жыл қатарынан «Жыл актрисасы» номинациясын иеленген Дариға Бадықова осы жылдың ақпан айында қыз-келіншектердің әдемі болуына керекті нәрсенің барлығы табылатын gmoon_kz деген дүкен ашқан болатын. Дариға ханымның айтуынша, бұл жерде көп жерге қарағанда баға төмен. Қатты қымбат қылмай әдейі солай қойыпты. Алматы қаласындағы «Апорт» және «Мәскеу» сауда үйлерінде екі бірдей бутик ашқан актриса:

«Өнер мен сауда-саттыққа кедергі болма. Қолдау бол» деген екен Лао Цзы. Өнерімді бір адамдай көріп жүрсіздер, енді өзімді саудада да сынап көрмек болып, жаңа бастама бастадым. Карантинде құр отырмай, осындай бір дүкен ашқан жайым бар. Сауда деген жақсы ғой. Біз өз-өзімізді күтпесек, бізді ешкім күтпейді. Бет күтімі аса маңызды. Біздің дүкенде балаларға арналған дүниелер де бар», - дейді Дариға Бадықова.


«Рахман қайда – құрт сонда»


«Қазақпыз ғой, отырамыз «құрттап»,

Сорпаға сап, ыстықтайын ұрттап.

Чипсы емес, асыл құрттан асайық,

Адал астан кетпейікші сырттап!»


Бұл отандық танымал театр және кино актері, тележүргізуші Рахман Омардың «Асыл тас» атты құрт өніміне арналған өлең шумағы. Актер жақында «Асыл тас» өнімі туралы өлең шығару туралы байқау жариялаған кезде жолданған оқырманның өлеңі. Балаларға етене таныс «Чупа-чупс» кәмпиті сияқты қапталған құрттың майы алынбаған деседі. Ұлттық бренд енді арысы АҚШ, Өзбекстан, берісі Қазақстанның барлық қалаларына жеткізіліп үлгеріпті.

Қазақстан бойынша барлық қалаларда дилер және парақшалары бар.

«Рахман қайда – құрт сонда» деп әзілдейді Рахман ағамыздың өзі.

– Біз жапонның сушиін, қытайдың чипсыйын, чупа-чупсын жеп үйреніп қалғанбыз ғой. Біздің өнім соның баламасы, - дейді өнім авторы.

Рахман Омардың «Асыл тас» құрттарын өнердегі әріптестері де қос қолдап қолдауда. «Асыл тас просто класс, Бұл құрттың дәмін ешкім ұмытпас!» деген сияқты жарнамаларымен елдің назарын аударып жүр.


Бағлан мен Жұлдызайдың «BAUYRDAQ»-ы


«2021 жылы кәсіп ашқандар ішінде Бағлан Әбдірайымов пен Жұлдызай Дүйсенбиева да бар. Бірі белгілі әнші, бірі танымал актриса – қос өнер иесі «BAUYRDAQ» атты дәмханалар желісін ашқан болатын. «Жігіттер» тобының солисі Бағлан мырза дәмханадан бөлек, жеке өнер-білім орталығын да ашты. Аталған кәсіпке қалай келгені жайында өнер иесі ағынан жарыла сыр ақтарды.



«Жыл сайын әр кәсіпке бас сұғып көремін. Біраз жыл бұрын @syrymbek_tau досыма, @asylkhan0552 ағама қызығып, дөнгелек сатқан кезімде болды. Мәскеуде қауын - қарбыз сұмдық өтеді деп ол жақтың да базарына бардық. Ол кезде МОСКВА көрген @dos_malik досыма арқа сүйеп ем… Инфобизнестің де есігін сығалағам. Карантин кезінде бие байлап, қымыз да саттық. Бірінен ұтсақ, бірінен ұтылдық. Қандай бизнес болсын қызығушылық артып, тәукелге бара бердім. Сол тәукелшілігімнен таяқ жеген кездер де болды. Бірінен тәжірибе жинасам, бірінен сабақ алдым.

Енді қай істі қолға алдым? Бұл бұрынғыдан БӨЛЕК! «Айқаракөз» өнер мектебінен бастау алған ісіміз отбасылық жұмысқа айналды. Ақырындап зерттеп, ақылға салып, @yermek_serikuly бауырымның тәжірибиесіне арқа сүйеп, жауапкершілігі мол істі қолға алдық. Бұрынғыдай соқыр тәуекел емес, сауатты қадам басқандаймыз! Өйткені жауапкершілігі мол іс. Әкем де, анам да ұстаздық еткен асыл жандар. Ұядан көргенімді ұшқан кезде іле кеткен екенмін.
Әке - анамның ұстаздық жолын өзім байқамай жалғастырғалы тұрмын», - деп жазды әнші.


Сәкеннің компоттары


Жеке өнер орталықтарын ашқандардың ішінде «Музарт» тобының солисі, танымал әнші Сәкен Майғазиев те бар. Әсілі, Сәкен мырза басшылық ететін «Smart» өнер мектебінің ашылғанына биыл 5-ші жыл. Ал Шымкент қаласындағы бөлімшесі жақында есігін ашқан болатын.



Сәкен Майғазиев өнер мектебінен бөлек, тоғыз түрлі «Safisu» компоттарын сатылымға шығарды.

«Сіздерге табиғи, таза, қантсыз, бояусыз, газсыз компот ұсынамын. Сусынның аты менің жақындарыммен байланысты және екі сөзден тұрады. Адам ағзасына ешқандай залал келтірмейтін өнім әр отбасында болуы керек. 9 түрі бар», - дейді әнші.


Мөлдір бейне



Белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова да қазан айында жеке бизнесін бастаған болатын. «Эксклюзивті, қайталанбайтын, жабық әрі заманауи, жинақы, заманауи киімдер moldir_beyne топтамасын ұсынамын. Қазір ұлттық нақышта қоспасы бар киім жоқтың қасы. Сол себепті қазақы стильге үлес қосу мақсатында сапасы тым жоғары дүниеге оң бағасын беріп, мені қуантып қолдасаңыздар екен. Жеке брендтің атауын таңдағанда, style - collection- fashion сияқты шет елдің сөздерінен гөрі, өзіміздің қазақ сөздері болғанын қалап, ұзақ ойланып (естеріңізде болса) сіздермен ақылдасып @moldir_beyne деп қойдым!» Бұл нағыз отандық өнім», - деді Мөлдір Әуелбекова.


Дайындаған Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Өз елімізде өгей балаға айналдық» : Қыдырәлі Болманов медаль берілмегеніне меңзеді


«Сүйреп, сүйреп ақыры жеңімпаз қылды ма?» : Құралай Мейрамбек «Qazaqstan дауысы» атанды