​Динара Сәтжан: «Тоқал болсаң, қолыңдағы маникюріңе алаңдап отыруың керек!»

0
9 293

Динара ханымға сұқбат алуға хабарласқанымда, жарты сағаттан кейін дүкенінде кездесетінімізді айтты. Диктофонымда алып, межелі уақытта күтіп тұрдым. Әдемі, көзінде бір энергия бар сұлу әйел келіп сәлемдесіп болған соң, дүкеніндегі картинаның жерде жатқанына ашуланды. Осыдан-ақ Динара ханымның өнерге деген махаббаттының ерекше екенін аңғаруға болатындай… Сол оқиғамен біздің әңгімеміз жалғасып кетті.


​Динара Сәтжан: «Тоқал болсаң, қолыңдағы маникюріңе алаңдап отыруың керек!»

Динара ханымға сұқбат алуға хабарласқанымда, жарты сағаттан кейін дүкенінде кездесетінімізді айтты. Диктофонымды алып, межелі уақытта күтіп тұрдым. Әдемі, көзінде бір энергия бар сұлу әйел келіп сәлемдесіп болған соң, дүкеніндегі картинаның жерде жатқанына ашуланды. Осыдан-ақ Динара ханымның өнерге деген махаббаттының ерекше екенін аңғаруға болатындай… Сол оқиғамен біздің әңгімеміз жалғасып кетті...

- Динара ханым, сіздің картинаға күйінгеніңізге қарап өнерге деген құрметіңізге тәнті болып отырмын. Әрі үнемі жас өнерпаздарды қолдап жүресіз. Бала күніңізден өнерге жақынсыз ба?

- (Күліп) Иә, картинаның жерде жатуы мен үшін «шок» жағдай. Автор оны жерде жатсын деп салған жоқ қой?! Кейбір қызметкерлер дүкендегі көйлекті сүйретіп бара жатса, қалай солай жасауға болады деп ойланамын. Еңбекке құрмет болуы керек. Әрі мені кішкентай кезімнен ата-анам "ешкімге қастандық ойлама, тіпті саған жамандық жасағандарды да кешіре біл" деп үйреткен.

- Бірақ өмір жолында қастандық жасағандар көп болған шығар?

- Жақында жиырма жылдан бергі құрбым Астанаға көшіп келді. Екеуміз әңгіме айтып, қазіргі мәселерімізді талқылап жатырмыз. Бірақ ойлап қарасақ, ешқашан оңай болмаған екен. Әрдайым қарсыңда бір дұшпаның жүреді, бұрын суфлерді өшіріп тастаған, видеомызды құртып тастаған жағдайлар көп болды. Мен телевизияда талас өте күшті екенін білгендіктен үнемі «Б» жоспарын дайындап жүретінмін. Қазірге дейін солай. Әсіресе телевидение - бұл террариум, ол жақтың ережесін біліп, өз күшіңді көрсете білуің керек. Сонымен қатар, адамға мінез керек.

- Мінез демекші, өзіңіз қызметкерлеріңізге қандай басшысыз?

- Менің ойымша, әділ және талапшылмын. Маған бәрі орнымен болуы керек. Талап орындалмаса ескертемін, түсінбей ме, ондай адаммен бірден қоштасамыз. Өз энергиямды ұрысқа, ренішке құртқым келмейді. Барлығы нақты болуы керек. Адамның жолы ашық болуы үшін жоғарыда айтқанымдай, ренжіспеу, біреуге жамандық ойламау керек. Мен өз жолымды, энергиямды жағымсыз нәрселерге құртқым келмейді.

- Сізді көпшілік тележурналист ретінде таныды. Өкінішке орай, қазір экранда жоқсыз, көбі сізді кәсіпкер ретінде тани бастады. Камераны сағынбайсыз ба?

- Мен камераны қатты сағынамын. Кейде интервью, басқа жобалар туралы ойланамын, бірақ қазіргі менің миссиям басқа деп ойлаймын. Менің қазіргі миссиям-камера сыртындағы жұмыстарды табысты орындау. Мысалы, біз жаздың үш айында Ұлттық арнаның студияларының бәрін өзгерттік. «Qazaqstan» Ұлттық арнасында қазір студия, киім, тіпті, логотипімізге дейін жаңа. Бұрын тележүргізуші болғанда тек қана өзімді ойлайтынмын, өз студиямды, киімімді... Мен сапасы жақсы декорацияны жақсы көремін. Декорацияның сапасы жақсы болуы керек деп ойлаймын, бірақ көп журналистер оны білмейді ме, әлде мүмкіндігі жоқ па, түсінбеймін?! Мен «Qazaqstan» Ұлттық арнасына өзімнің дизайнерімді алып келдім. Барлық декорацияларды жасаған Гүлшат есімді қызды төрағаға өзім ұсындым. Біз телевизияға трендті білетін адамды шақыруымыз керек, ал Гүлшат жылына екі рет Италияға көрмеге барады. Сондықтан ол сәндегі үлгілерді жақсы біледі. Телевизия трендті қалыптастырады, оның үстіне теледидар интернеттен қалып кетті, сол үшін біз соңғы үлгілерді пайдалануымыз керек деп есептеймін.

- Өзіңіз кәсіби мамансыз, жас журналистерге деген көзқарасыңыз қандай? Олардың жұмыс істеу сапасына көңіліңіз тола ма?

- Білмеймін, меніңше стилді журналистер өте аз. Әсіресе, жастардың арасында мүлде жоқ сияқты. Журналистерде жасқаншақтың бар. Олар өздерін тежеп тұратындай көрінеді, сұрақ қоя алмайды. Қазір журналист болып қалыптасу үшін көп жұмыс істеу керек. Себебі газет пен теледидарды көпшілік қарамайды. Тек онлайн жүйеге көшті. Журналист жастардан ешкімді білмеймін, тек блогерлерді танимын. Менің ойымша, журналист өзінің кейіпкерін шамасы жеткенше ұстап қалуы және одан қорықпауы керек. Менің кейіпкерлерімнің кейбірі ренжіген кездер де болды, тіпті екеуі қоштаспай тұрып кеткен. Бірақ мен ол үшін жыламадым, тіпті алаңдаған да жоқпын. Себебі олар өз аяқтарымен келді, өздері кетті. Оларды ешкім қинаған жоқ. Қорықпаған адамның мүмкіндігі көп болады.

- Сіздің алғашқы кезде 2 жыл тегін жұмыс істегеніңізді білемін. Қазіргі жастар оған аса төзе қоймайды. Сол кезде сізде еңбегімнің ақысын алайын деген ой болмады ма?

- Ол уақытта мен жас болдым. Маған ата-анам күн сайын 300 теңге беретін. Ол кезде студентпін, ол ақша маған жететін. Тамақтануыма да, жолыма да және мен таксимен жүретінмін. Менің бір жерден келесі жерге 50 теңгемен барамын деген қағидам болатын (күліп). Біреуі келіспесе, келесісі келіседі. Білмеймін, бастысы ниет болуы керек. Мен қазір де аш адам сияқты бәрін қалаймын. Әрбір кездесу нәтиже беруін қалаймын. Мен уақытты бос өткізуге қарсымын. Қазір барып кофе ішіп отырсам, оған ұятым жібермейді. Ештеңе істемей отыра беруге шыдамаймын.

- Осындай тәртіппен өмір сүру үшін кейбір дүниелерден бас тарту керек болатын шығар?

- Иә, мысалы қазір мен мағынасыз, қызықсыз жерлерге бармаймын. Керек емес, қызық емес адамдармен араласпаймын. Бұрын бәрімен бірдей араласа беретінмін, қазір энергиямды босқа құртқым келмейді. Кейде мен бәріне керек болғанмен, олардың бәрі маған керек пе деп ойланамын. Білесіз бе, мен кеңесші болып тағайындалған кезде қанша адам маған өтініш айтып хабарласты. Сол кезде мен әкімдер мен министрлерді аяп кеттім. Қазақтардың бір нәрсе сұрап жүретін туыстары мен достары, таныстары көп. Бірақ бәріне көмектесу мүмкін емес қой?!

- Өзіңіз енді танымал болып келе жатқанда, біреуге хабарласып көмек сұраған кезіңіз болды ма?

- Жоқ! Менің ұстазым, бастығым және әкем ғана болды. Ол кезде мен не үшін жұмыс істеп жатқанымды түсінбедім. Бірақ ертелі-кеш бәрі мені танитынын білдім, Опра Уинфри сияқты жұлдыз боламын деп армандадым. Оның суреттері үнемі менің бөлмемде ілініп тұратын. Мен солай табысқа жетуге болатынын, танымал болуға болатынын түсіндім. Үйде отырып та Опра болуды армандауға болады, бірақ мен әр күні бірдеңе істеп жүретінмін. Еңбек етіп жүргенде сенің артық ойларға уақытың болмайды. Басыңмен кіріп тырмысып жүресің, ал бір күні басыңды көтерсең, танымалсың!

- Танымал тележурналист болып жүріп, сән әлеміне кетуіңізге не себеп болды?

- «Хабар» арнасында тележүргізуші болып жүргенімде үнемі костюм киетінмін. Олардың түрлері де өте көп болды. Сосын бір күні маған дизайнерлік костюмдер керек деп ойладым. Сол кезде мен Аида Кауменовамен танысып, ұсыныс жасадым. Ол бірінші костюмді жібергенде киімнің сапасын, оны салып жіберген пакеттің сапасын көріп қатты таң қалдым. Шынымды айтсам, Қазақстанның дизайнерлері осындай киімді жасай алады деп ойламағанмын. Бірінші кезекте сапасы ұнады. Оны эфирге киіп шыққаннан кейін жақсы пікірлер көп естідім. Сосын екінші, үшінші костюмдерге тапсырыс бере бастадым. Бір жыл өткен соң Аидаға дүкен ашуға ұсыныс жасадым. Екеуміз келісіп, Астанадан дүкен аштық. Сосын өзімнің басқа дүкендерімді де аша бастадым. Мен үнемі жиналған ақшамды жаңа жобаға салуға тырысамын. Ақша жұмыс істеп тұруы керек. Қазір менде үлкен ұжым жұмыс істейді. Мен олардың бәрін бір уақытта тастай алмаймын. Олар жұмыссыз қалады ғой. Олай істеуге болмайтынын білемін. Сондықтан сағат сияқты жұмыс істеуіміз керек. Мен сондықтан талапты да қатты қоямын.

- Құпия болмаса, айтыңызшы, балаларыңызға да сондай тәртіп қоясыз ба?

- Жоқ! (күліп) Жақында ойладым, осы мен балаларыма неге мүлде ұрыспаймын деп. Мен оларды өте қатты жақсы көремін. Оларға «Жоқ» деп айту үшін жүгіріп жұмыс істеймін бе? Жоқ! Бірақ бәрі ойластырылып, әрбір сауданың реті болуы керек. Кейде ұлыма: «Даниял, сенің оқуыңа қанша ақша төлейтінімізді білесің бе?» деймін, ол: «білемін» дейді. Осыны ақта деп қоямын. Ол ақшаның үлкен еңбекпен келіп жатқанын түсінеді.

- Балаларыңыз туралы жиі айтасыз. Маған сіздің балалық шағыңыздың қандай болғаны қызық. Үйдің үлкені болған соң, міндеттер де көп болған шығар?

- Осы бірнеше күн бұрын Алматыдан ата-анам келді. Үйде шәй ішіп отырғанда мен «Қазіргі балалар қандай өзі, үйді жинамайды, жұмыс істемейді» деп айтқан едім. Сол күні кешке инстаграмнан ұлымның көшедегі иттер мен мысықтарды тамақтандыру үшін ерікті (волонтер) болып жүргенін оқып қалдым. Соны ұйымдастырушы өз парақшасында «Бүгін Даниал есімді бала күні бойы бізге көмектесті. Осындай ұл тəрбиелегені үшін ата-анасына рақмет!» деп жазыпты. Ол менің ұлым екенін білмейді екен, оны оқыған кезде мен қатты таң қалдым. Бірақ, бұйыртса, өскенде ұлымның жақсы адам болатынын түсіндім. Оның жүрегі адал, өзі талпынып күнде бір нәрсе жасайды. Мені үнемі бақылап отырады. Тікелей эфирімді, инстаграмдағы посттарымды ешқашан жіберген емес. Қызым да сондай, күн сайын бір дүние жасау керек екенін біледі. Қазір үш жаста, балетке қатысады, қытай тілін үйреніп жүр.

Марқұм апам да үнемі ізденісте жүретін. Мен Жаңаарқаға келгенде жасымды сұрамастан, мына жерді сылайсың, кілемді жуасың, ананы пісіресің, арам шөпті жұласың деп тек тапсырма беретін. Мен ешқашан оны қалай істеймін деп ойламаймын, істеуім керек пе, істейтінмін. Менің он екі жасымда інім Рауан туды, оны күніне екі рет далаға шығарамын, жаялықтарын жуамын. Солай істеуім керек деп ұқтым, істедім. Қазір де жай осы нәрсені істеуім керек деп қана ойлаймын. Ең қиыны - адамдардың "Жаңа өмір бастаймын, сосын былай істеймін..." деп өте ұзақ дайындалатыны. Керісінше, тұр да істе! Әр іс өзі кезегімен келе береді. Мен үшін әрбір күннің соңында нәтиже болу керек. Бұған бала кезімнен үйрендім деп ойлаймын.

- Қызыңызға үш жасынан қытай тілін үйрену қиын болады деп ойламайсыз ба?

- Маған бәрібір. Мен ешкімді еңбектен аямаймын. Мен өзімді аямаймын, неге біреуді аяуым керек? Бүгін мысалы, СПА-ға барғым келді, өзіме «Жоқ, бүгін емес мына жұмыстарыңды бітір!» дедім.

- Болашақта балаларыңыздың мамандығына да талап қоясыз ба?

- Мен үшін қазір бастысы-оларды барлық салаға баулу. Ертең өскенде қалаған ісімен айналыса алса деймін. «Қытайға бару керек пе қытайша білемін, Франция ма французша да білемін!» деп, олардың қалағаны қолынан келіп тұрғаны жақсы. Өскенше баулып, есейгенде жолдарын қиналмай тапқанын қалаймын. Ұлым кейде: «Маған қытай тілінің не керегі бар?» дейді, ертең маған рақмет айтатын боласың деп түсіндіремін. Балаң ертең өзіңе қамқор болсын десең, қазір оған сен қамқор болуың керек. Біздің өміріміз алма кезек. Қазір оларға қамқорлық бермесең, өскесін одан неге қамқорлық танытпайсың деп сұрай алмайсың!

- Бірақ кейде бәріне қолды бір сілтеп, «Динара қойшы, ұйықта!» дейтін кездер бола ма?

- Иә, болады, болады (Күліп). Әсіресе таңертең, себебі мен көбінде түнде жұмыс істеймін. Маңызды кездесу болмаса, телефонымды өшіріп ұйықтап аламын. Бірақ бәрібір күні бойы ұйықтай алмаймын. Кейде өзіме ғана уақыт арнайтын кездер болады. Ондай кезде рахат аламын. Бірақ мен қазір де дүкеніме қарап рахат алып отырмын. Кез келген нәрседен ләззат ала білу керек. Мен ештеңені бос жібергім келмейді, әрбір уақытты бағалаймын. Ертең Құдай бұйыртса немерелерім болғанда осы тәжірибелерімді оларға айтып отырғым келеді.

- Сұқбаттың соңында барлығы білгісі келетін сұрақты қойғым келеді. Сіздің жеке өміріңіз туралы түрлі қауесеттер бар... Осыған бір нүкте қоятын уақыт жеткен сияқты?

- (Күліп) Иә, мені біреудің тоқалы немесе көңілдесі деп жиі айтады. Бірақ мен тоқал емеспін! Тоқал болсаң ештеңе істемей, қолыңдағы маникюріңе алаңдап отыруың керек. Оған менің мінезім келмейді. Мен бәріне алаңдаймын, өнеріме, кәсібіме. Әрине, өмірімде көптеген көңіл білдерген адамдар болды, бірақ мен ондай емеспін! Күн сайын әдемі болуға менің күшім жетеді, бірақ олай қысқа ойлай алмаймын.

Қазір басым бос, әрине күйеуім болғанын қалаймын. Бірақ оның тек менің қасымда жүргеніне бола, не қымбат сыйлықтары үшін әйелі болғым келмейді. Қымбат сыйлықтарды өзім-ақ ала аламын. Ол адам менің серігім болса, онымен бірге жүрген кезде жаным тыныш табатын менің досым, қорғанышым болса деймін. Екі баламды сыйлаған адамдарға менің өмірімде болғаны үшін рақмет айтамын. Олармен араласамын, балаларыммен де араластырамын.

-Сұқбатқа уақытыңызды бөлгеніңіз үшін көп рақмет айтамын! Табыс пен бақыт тілеймін!

Қарашаш Есенбай