"Елді сағынып үлгермедім": Түркияға көшкен Ерлан Көкеевпен сыр-сұқбат

0
4 407

​Ерлан Көкеевтің лирикалық әндері көптің аузынан түспейді. Әсіресе, орта буын оның әндерін естісе, жастық шағына бір саяхаттап келеді. Күміс дауыс иесі дәл бұрынғыдай экраннан жиі көрінбей кетті. Қайда, не істеп жүр деген сауалдарды өзіне қойып, нақты жауабын алдық. Ерлан Көкеев музыкамен қатар, психологиялық жобалармен де айналысып жүргенін айтты.


Ерлан мырза, сұқбат беруге келіскеніңізге рақмет. Қазір Түркияда тұрып жатыр екенсіз. Көшкеніңізге де бір жылдай болыпты. Мұнда жағдайыңыз қалай? Көшуге не себеп болды?


Иә, пандемия басталған соң карантин режимін енгізді. Карантин кезінде елде отырсаң да, жылы жақта отырсаң да айырмашылық жоқ. Негізі, зейнет жасына жақынғандағанда теңіз жағасында тұрғым келетін. Үйдің үлкен балалары да ендігі ересек, сондықтан осындай шешімге келдік.


Мұнда да музыкадан қол үзбеген шығарсыз?


Иә, мұнда да шығармашылықпен айналысамын, әндер, саунтректер жазып жатырмын. Шығармашылық процесс үзілген жоқ. Музыкадан бөлек кітап, өлең жазып жүрмін. Толықтай шығармашылықпен айналысып жатырмын деуге болады.


Қазақстанды сағынып үлгердіңіз бе?


Сағынып үлгердім дей алмаймын. Біз түбегейлі кетіп қалған жоқпыз ғой. Жағдай тұрақталып, пандемиялық ахуал дұрысталған соң міндетті түрде елге келеміз. Әрине, өз үйімізді бәрібір сағынамыз.


Сіздің оқытушы екеніңізді білеміз. Қазір елде емессіз, дәріс оқуды қойдыңыз ба?


Бұрығыша арт-менеджмент пәні бойынша «Шабыт» музыка академиясында дәрісімді онлайн оқып жүрмін. Қазір кафедра доценті болдым.


Музыкалық училищенің домбыра және хор дирижері мамандығын, консерваторияның домбыра классын бітірдіңіз. Сізді алғашқы электронды домбыра жасаушылардың бірі деп білеміз. Бұл идея өмірге қалай келді? Оқу кезінде пайда болған ой ма?


Электронды домбыра деген шартты атау. Біздің міндетіміз аспаптың негізгі үнін сақтап қалу еді, сондықтан біз техникалық жағына мән беріп, жүзеге асырдық. Сәтті жүзеге асты дей аламын. Домбыра үнінің сапалы шығуына мүмкіндік беретін техникалық жағына басымдық берілді. Біз бұл жұмысты әлі де толықтырып жатырмыз.


Кезіндегі «АБК» тобын әлі көп адам ұмыта қойған жоқ. Сол жылдарды сағынасыз ба? Сізге қандай тәжірибе берді?


«АБК» деген кезде әдемі естеліктер ойыма оралады. Бұл бір тамаша уақыт болатын. Қыдырәлі, Медеу және мен бірге жүріп, концерттерде өнер көрсеттік. Мұндай трио, әрине, көп болды. Десе де біздің жұмыс кестеміз өте тығыз еді, гастрольге жиі шығатынбыз. Қай қалаға барсақ та жақынындай қарсы алатын.



Топ мүшелерімен ара қатынасыңыз қандай? Араларыңыз сол баяғы қалпында ма?


Біз бір-бірімізбен бұрынғыдай араласамыз. Қыдырәлі мен Медеу ағамдай. Баяғыдай жақсы қарым-қатынастамыз, қамқорлығымызды танытамыз. Әрдайым хабарласып, байланысымызды үзген жоқпыз. Бір-бірімізді сыйлаймыз, құрметтейміз, жақсы көреміз.


Ерлан мырза, өзіңіз ойлаған музыканың шыңына шыға алдыңыз ба?


Шығармашылықпен айналысқан кезіме көз салсам, өте қызық кезең болған екен. Жас кезімде «Дос-Мұқасан» тобында, кемеліме келген шақта «АБК» тобында өнер көрсеттім. Одан кейін «К7» деген өз жобам болды. Музыкадан кеткен жоқпын. Алар асуын алды деп мені елеусіз қалдыруға әлі ерте. Алда әлі қызық дүниелерді өмірге алып келеміз.


Түнде адам өз-өзімен бетпе-бет келеді. Сондай сәттерде нені жиі ойлайсыз?

Осыған ұқсас сұрақты өзіме жиі қоямын. Нақтырақ айтсам, өзіме қоятын сұрақтарым сәл басқаша. Мысалы, «Не үшін өмірге келдің, не істеп жүрсің?», «Адам ретінде атқаратын міндетің қандай?». Осы сұрақтардың жауабы қызықтырып, таныстарымнан, достарымнан да сұрайтынмын. Олардың әрқайсының жауабы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Бұл сұрақтарға өзімнің де жауабым бар. Мен сүйюді, күюді, қуануды, жылауды, күлуді үйреніп, осы эмоцияларды өмірден ала білу үшін, сонымен қатар адам ретінде даму үшін жарық дүниеге келдім деп білем.


Өзіңізді ерекше психологиялық жобалардың авторы ретінде таныстырасыз. Жобаңыз несімен бірегей?


13 жыл бұрын мен «Песня позитивного мышление» деген жобамды, сонымен қатар сананы қайта программалау әдісін жасадым. Жоба арнайы әндер арқылы адам санасын жақсы жаққа өзгертуге арналған. Қазір де осы салаға қатысты дүниелермен айналысамын. Коуч-тренерлерге, психо-терапевтерге, психологтерге, жалпы осы салада тәжірибесі бар адамдарға арналған трасформациялық ойындар жасаймын. Маған келетін адам өте көп. Мен олардың өз жұмыстарына қажет құралдарын табуына көмектесемін. Жүзеге асыру керек идея болса, оны жобалап, адамдарға көмекесуге әрқашан да дайынмын.


13 жыл бұрын біз дәл қазіргідей психологияға қызыққан жоқпыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?


Мұны менің ерте кездегі қызығушылығым деуге болады. Жалпы қазақ халқының бүгінге дейін жалғасып, тұрмыспен біте қайнасып кеткен әдет-ғұрыптары бар. Сонымен қатар, ұмытыла бастағандары бар, бірақ біз оларды қайта еске түсіріп, ұстанып жатырмыз. Біздің психологиялық генетикамыз өте мықты. Басын ашып айтар болсақ, қазақ сенім жөнінде көптеген дүниелерді, мақал-мәтелдерді айтып кеткен бірден-бір халық. Тек біз кейбір дүниелерден айрылып қалдық. Алайда мұның барлығын қайтарып аламыз деп сенемін.



Ерлан мырза, әңгіме соңында балаларыңыз туралы айтайықшы. Жақындай сәбилі болдыңыз. Бауы берік болсын! Ердің жасы елуге келгенде көрген сәби ерекше шығар?!


Иә, 7 ай бұрын бесінші сәбиім дүниеге келді. Балаларымнан күтер үмітім зор, сондықтан мен барлығына денсаулық, амандық тілеймін. Айналасының амандығын тілеймін. Өміріміздегі ең асыл не десе, балаларымыз деп едім. Менен сұқбат алғаныңыз үшін рақмет айтамын. Сұрақтарыңызға бар ниетіммен жауап бердім.


Сізге де рақмет. Шығармашылық шарықтау мен отбасыңызға амандық тілейміз!