Хит болған "Шаршама" әнінің орындаушысына ренжитіндер көбейген

0
4 869


Хит болған

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

«Шаршама, тек шаршама

Аяқ-қолың талсада

Жұлқынып бір билейік

Шаң шығарып ортада»... Бұл қазір әр тойда айтылып, қонақтар шаң шығарып бір билемей қайтпайтын болған хит әндердің бірі. Сөзі жағынан түрлі сындарға ілініп жатса да, халықтың ыстық ықыласына ие болған ән.

Менің бүгінгі кейіпкерім – осы әннің орындаушысы, эстраданың «Ханзадасы» болуды армандайтын Мұхтар Ханзада.




Қарашаш Есенбай: Сәлем, Мұхтар! Сізді көпшілік қазір «Шаршама» әнімен таниды. Бірақ өнерге кеше келмегеіңізді білемін, осыдан бірнеше жыл бұрын «Ханзада» тобында ән айтып жүрдіңіз. Әңгімемізді сол кезден бастаса, қазір ол топ қайда?


Мұхтар Ханзада: Иә, «Ханзада» деген топта Мұқан Әбдуқасым деген жігітпен бірге ән айтқанбыз. Әуелде біздің басымызды құраған «Жігіттер» квартетіндегі Айдар Тұрғанбеков болатын. Одан кейін екеумізге танымал продюсер Жан Мұқанов үш жылдай продюсерлік етті. Негізі продюсер деген аты ғана, бізге ағамыздай көмегін беріп, ақылшымыз болды. Олармен 6-7 бейнебаян түсіріп, 50-ге жуық ән жаздық. Әсіресе, «Домбыра сазы» және Тамара Асармен бірге орындаған «Ханзада мен Ханшайым» деген әндерді халық жақсы қабылдады, қазір де біледі. Өткен жылдан бері Мұқан екеуміз жеке ән айтып жүрміз. Дегенмен арамызда ешқандай кикілжің болған жоқ, бәріміздің ортақ шешеміміз. Қазір Мұқан Астанада, мен Алматыдамын. Хабарласып, бір-біріміздің қызықшылығымыз бен қуанышымызды бөлісіп отырамыз. Енді қазір топ туралы жиі айта бергім келмейді. Ол бір жағымсыз жағдайдан емес, жеке жұмыс істеп жатқан соң жеке шығармашылығымды көбірек айтқым келеді.


Қарашаш Есенбай: Мұхтар, білуімше Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетіне оқуға түсіпсіз. Демек, кәсіби әнші емессіз бе?


Мұхтар Ханзада: Жоқ, мен өнерге бала кезімнен сусындап өстім, анамның өзі домбыра, гитарада ойнайтын, музыкалық білімі бар адам, бауырлары да өнерге жақын. Өзім Алматыға оқудан соң, Шымкент қаласындағы мемлекеттік педогогикалық университетінен жалпы музыкалық білім алдым. Яғни вокалдық білімім бар.


Қарашаш Есенбай: Қазір продюсерсіз еңбек етіп жүрсіз, қиын емес пе?


Мұхтар Ханзада: Жоқ, Бекет Айтбай деген жігіт бар. Бірнеше әндерімнің, оның ішінде халық жақсы білетін «Шаршаманың» авторы, қазір көмектесіп, продюсерім болып жүр. Әндеріміз елге жақсы тарады, қазір де қызу жұмыс жүріп жатыр. Жеке шығармашылықпен жұмыс істеген жақсы, емін-еркін, өзіңнің жан-дүниеңде не бар соны әнге айналдырудың өзі бір ғанибет. Әндерді сол Бекет екеуміз бірге таңдап, ақылдасып, мәтін жазамыз.


Қарашаш Есенбай: Ән таңдауда қаншалықты талапшылсыз? Мысалы, қазір кәсіби әнші, компазиторлар «тойдың әндерін хит етіп жүргендер Шығыстың сарынын алып келіп жатыр» деп жиі ренжиді.


Мұхтар Ханзада: Тойдың әні, не басқа ән деп бөлгім келмейді. Өйткені әркімнің талғамы әртүрлі, ән де солай әртүрлі талғамнан туады.Бізде ғана «тойдың әні» деп бөледі, әйтпесе әр әншінің өз бағыты, өз жолы бар. Біреу баяу айтылатын әндерге жақын, екіншісі басқа бағытқа, үшіншісі тіпті бөлек жанрды жақсы көруі мүмкін. Менің бағытым – көңілді әндер, дегенмен халық әндерін, баяуайтылатын туындыларды да айта аламын, айттым да. Репертуарымда барлық бағыттағы әндер бар, халыққа тез таралғаны «Шаршама» болды, ол көңілді ән. Сондықтан да болар сол арқылы мені танып жатады.


Қарашаш Есенбай: «Әндерді бөлгім келмейді» дедіңіз, десе де шоу-бизнес пен той-бизнес екі түрлі екенін мойындау керек. Өзіңіз қай бағытында ізденіп жатырсыз?


Мұхтар Ханзада: Әрине, нағыз шығармашылық адамы ретінде шоу-бизнес жұмыс істейміз. Бірақ бізде шоу-бизнес жақсы дамымаған ғой.




Қарашаш Есенбай: Менің ойымша, шоу-бизнестің дамымауы – әншілердің тойды табыс көзі көріп, одан артық ізденбеуінде сияқты?


Мұхтар Ханзада: Мүмкін, бірақ одан бөлек әлеуметтік желі жұлдыздар мен халықтың арасын тым жақындатып жіберді. Мысалы, әншілер кез келген жерде жүре береді, онысына қоса не жеп, не киіп жүргендерін жариялап отырады. Бұл халыққа қызық болған шығар, бірақ қазір дәмі кетіп бара жатыр. Әншілер қазір «Жұлдыз» деген аттан түсіп бара жатқандай.


Қарашаш Есенбай: «Жұлдыз деген аттан құлап бара жатыр» дейсіз, жалпы жұлдыз деген кім? Сонда біз әншілерді халық жұлдыз санауы керек пе?


Мұхтар Ханзада: Біз бала кезімізде әншілер қайда жүреді екен деп, оларды бір көру арман еді. Оларды жұлдыз деп есептедік, биік көрдік. Қолжетімсіз болғандықтан «жұлдыз» көрген болармыз, ал қазір бәрі оңай. Әншімен кездесу, сөйлесу бәрі оңай.


Қарашаш Есенбай: Ал қазір өзіңізден «Жұлдыз» болғаныңыз байқала ма, танып, суретке түскісі келетіндер көбейген шығар?


Мұхтар Ханзада: Иә, сөйлескісі, кездескісі келетіндер өте көп. Желіде болсын, телефонға болсын түрлі хабарламалар келіп жатады. Желіде менің продюсерімнің телефоны көрсетілген, барлығына өзім жауап беремін деп те айта алмаймын. Оған жұмыс тығыздығы мүмкіндік те бермейді.


Қарашаш Есенбай: Желінің күші басым ғой, өзіңізге жасылған пікірлерді қаншалықты оқисыз?


Мұхтар Ханзада: Ютуб, инстаграм желісіне жазылған ой-пікірлерді уақыт тауып оқып шығамын. Ішінде жаман пікір көрмеймін, соған қуанамын (күліп).


Қарашаш Есенбай: Енді ән туралы айтайықшы, біздің музыканттар «қазақтың дала сарынды гармониясы жоғалып бара жатыр» деп жиі айтады. Келісесіз бе?


Мұхтар Ханзада: Ол пікірмен келісуге болады. Бірақ менің репартуарымда тек «Шаршама» емес, Илья Жақанов, АхметЖұбанов сынды мықты композиторлардың да әндері бар.


Қарашаш Есенбай: Қай әншіден сұрамайық, жеңіл, халық тез қабылдайтын сөздер іздеп жүреді. Сізде де солай ма?


Мұхтар Ханзада: Ия, бірақ мағынасы бар сөздер. Сөзге қатты мән береміз, мағынасы болуы керек. Өлеңнің басы мен соңы болғаны дұрыс. Одан кейін бір тыңдаған адам тағы да тыңдағысы келіп тұратындай тәтті сөздер қосуға тырысамыз.


Қарашаш Есенбай: Жақында еліміздегі танымал конференсьеден сұқбат алғанымда, ол кісі: «Қазіргі жастар сатыдан өтпейді. Музыкалық мектеп, колледж, өнер академиясын бітірмейді. Продюсер көмегімен танымал болады да, бізді танымай соғып өтеді» деді. Осы сөздің қаншалықты жаны бар?


Мұхтар Ханзада: Бұл жерде «продюсер көмегімен» дегенге келісе қоймаймын, әр адамның өмірге деген көз-қарасы мен еңбегіне байланысты ғой. Танымал болу тек қана қаражатқа тіреліп қалған дүние емес, көбінен сұрасаң "бірінші қаражат керек, оны кімнен аламын, маған кім береді", - деп өмірлерін қиындатып жүреді. Меніңше талпынған адамға құдай береді, еңбектенген адам өмірде барлығына жетеді. Одан кейін жазылып қойған несібең бар, артық, я кем ала алмайсың. Кішкентайымнан өлең айтып келе жатырмын, домбырамды шертіп, термелерді тыңдап өстім. Нағыз мектеп балалық шақтан басталады. Сосын мейрамханаларда музыкант, әнші болып жұмыс істедік. Практикалық жүзінде де көп сабақ алдым.




Қарашаш Есенбай: Қазір қаншалықта дайындаласыз, өзіңізді дамытуға көңіл бөлесіз бе?


Мұхтар Ханзада: Біздің білім жүйесінде оқу көп, тәжірибе жоқ! Сондықтан еңбек аз болады. Өзіме келер болсам, бәрін қолға алып жатырмын. Күн сайын таңертең дауысыма жаттығулар жасаймын және сахнада билеуді үйреніп жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Мұхтар, бір байқаным, сіздің әндеріңіздің көбісінің анонстары шыққанда суретте қасыңызда бір танымал қыз тұрады? Оның қандай да бір себебі бар ма?


Мұхтар Ханзада: Бұл қызық қуалау, бір әнді шығарғаннан кейін, фотоны беретін кезде ойланамын. Мысалы, "Айналайын" деп тұр ма, тақырыпты сезіндіру Мөлдір Әуелбековаға гүл беріп тұрған суретімді шығардым. Мөлдірдің әндерін, қазақилығын, дауысын жақсы көремін. Сол құрметімді көрсету үшін «Айналайын» деп гүл беріп тұрған бейнемізді жарияладық.


Қарашаш Есенбай: Желіге біреу былай жазыпты, Мұқтар Ханзада Ерке Есмахан, Мөлдір Әуелбекова сияқты әншілермен жиі жүріп, суретке түседі. Солармен танымал болғысы келіп жүр ма?


Мұхтар Ханзада: Жоқ, әншінің көпшіл болғаны жақсы. Барлығымен жақсы қарым-қатынаста, сыйласып, құрметтесіп жүремін. Тамара Асармен, Ерке Есмаханмен бірге ән жаздырып, концерттерде бірге жүрдік. Жаман ой, ниетім болған емес! Шығармашылық араласу, сыйласу.


Қарашаш Есенбай: Бізде елдің қамын ойлайтынын айтатын, жазатындар көп. Бірақ істе көріне қоймағасын, ондайларды көпшілік «диван батырлар» дейтін болды. Елдің алдында жүрген азаматсыз, замандас жігіттердің атынан сөйлей аласыз деп ойлаймын. Неге бізде диван батырлар көп?


Мұхтар Ханзада: Барлық нәрсені ақылға салатын азаматпын. Біреудіңашуына, көңіліне тигім келмейді. Диванда жатып ақыл айтатындардың емес, жақсы нәрсеге ұмтылатын қатарластарымның қатарында мен де бармын.


Қарашаш Есенбай: Бір сапта жүріп, ішінде біреуінің аты алға шапса, көпшілік «мінезі өзгерді, танымайды» дегендей әңгілерді жиі айта бастайды. Сіз туралы да солай ойлайтындар бар болар?


Мұхтар Ханзада: Өнер - ауыр жол деп айтады ғой. Өнер жолының қиындықтарының бірі- бәрінің көңілін табу. Маған да ауыр болып тиетіні сол, барлығының қуанышында ат салысуға тырысқаныңмен кейде мүмкіндік келмей жатады. Осыған ренжитіндер көп. Сосын біздің жұрт сенің бір минусың үшін, мың жақсылығыңды қия салады. Пендешілікке салынатындар да бар, десе де бәрінің көңілін табуға тырысып жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Сіздің де көңіліңізге қарайтындар көбейсін, әңгімеңізге рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ