Өмірзақ Ақжігіт, журналист. - Қайырлы күн, Өмірзақ аға! Білуімше, сіздің негізгі мамандығыңыз құрылысшы-инженер екен. Ал қолға қалам алуыңызға не себеп? Жалпы журналистік жолға қалай келдіңіз?
Өмірзақ Ақжігіт, журналист.
- Қайырлы күн, Өмірзақ аға! Білуімше, сіздің негізгі мамандығыңыз құрылысшы-инженер екен. Ал қолға қалам алуыңызға не себеп? Жалпы журналистік жолға қалай келдіңіз?
- Мен журналистикаға ойламаған жерден келдім деп айта алмаймын. Берген мақалаларым «Оңтүстік Қазақстан», «Жас Алаш» газеттеріне шығып тұрды. Тіпті, 2002 жылы «Оңтүстік Қазақстан» маған «Белсенді авторға» деген алғыс хат та берген болатын. Журналистикаға барам деген ой жоқ еді, оған келуіме 2000-жылдардағы екі Мұхтар арасында болған дау себепші болды. Білесіздер, Мұхтар Шахановтың Шыңғысхан туралы кітабына біздің төре деген қауым кітаптың әдеби құндылығы мен көркем тұстарын далаға қалдырып, Мұхтар Шахановтың жеке басына тиісіп кетті. Ол дау тоқтайын деп, әлсірей бастаған кезде Мұхтар Мағауиндей ағамыз кірісті. Ол кісі Мұхтар Шахановты менсінбеді, негізі ол кісі ешкімді менсінбейді. Абайдан кейін өзі деп санайтын адам, бірақ өте білімді екені рас. Сол кісі Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов екеуін қосақтап «Алтынорда» басылымына «Ешкі жетектеген екеу» деген көлемді мақала жазды. Оқып қарасам Мұхтар Шахановтікі дұрыс. 2002 жылдың 16-18 желтоқсанында «Жас алаш» газетінде Шахановты емес (ол кезде ол кісіні танымаймын да), әділдікті қолдап, бұл даудың сыры қазақы көреалмуаушылық екенін, Шахановқа Нобель сыйлығы беріліп кете ме деген қауіппен «бұрын жұдырықтау» екенін көрсетіп үлкен мақала бердім. Оны оқыған Шаханов: «Сен нағыз журналистсің ғой! Жұрт оқып, журналист бола алмай жүр. Әкім болып не істейсің, ұрылардың қатарын көбейтіп, журналистикаға кел» деді. Ол уақытта мен Сайрам ауданы әкімдігінің бөлім меңгерушісі едім. Ойламаған жерден марқұм Оразхан Жарқынбек аға мені «Оңтүстік Қазақстанға» шақырып, 2003 жылы 7 қаңтарда осы қара шаңыраққа жұмысқа қабылдандым.
Өзім бала кезден ертегілерді, батырлық жырларын көп оқыдым. 4-класқа келгенде 4 қиссаны - «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер-Тарғын», «Қыз-Жібекті»ауылдағы кемпір-шалдарға оқи-оқи жатқа айтатынмын. Философияға толы қазақ әдебиетін бойымызға сіңіріп өстік. Қазіргі тілмен айтқанда іргетасымыз мықты болып қаланған болуы керек.
- Сырттай бағалап көріңізші, қазіргі қазақ журналистикасына көңіліңіз тола ма? Өткен жылы шу болған "журналистика факультеттерін жабу керек" деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
- Кейде біз өзі орыстардан кейінгі ең ақымақ халықпыз деп күлемін. Бір нәрсені алсақ түбін түсіреміз. «Бәрін жабу керек!» деген сөз дұрыс емес, әрине, бірақ қаптап кеткен ЖурФактың болуы да дұрыс емес. Біздің бұл нарыққа кіруіміздің өзі қате болды, барлық өндірісті қиратып тастады. «Ойбай, бізге инженер емес, менеджер, экономист, заңгер керек» деп сондай орындарды көптеп ашты. Өйткені оны үйретуде ешқандай лаборатория керек емес. Ал техникалық мамандықтарды үйретуге талай қаржы керек. Осының әсерінен жекеменшік оқу орындары көктей қаулады, оның ішінде журналистика факультеттері де көбейді. Кеңес үкіметі кезінде тек олар Алматыдағы қазіргі ҚазҰУ мен Қарағандыдағы ҚарМУ-де ғана болды. Саны көбейгесін сапасының сын көтермейтіні белгілі. Мысалы мен 2003-жылдан бері 2 рет газетте редактор болдым. Сонда алдыңғы ұрпақтың «екі аяғын бір етікке тығатын» бүгінгі жастарды таба алмай-ақ келе жатырмын. Бұл деген білімнің сапасыздығы. Бірақ, «жауып тастау керек» дегендердікі «ашынғаннан шығады ащы даусым» деген сөзге саяды. Бұның бәрін біз жөнге келтіруіміз керек еді, сол жүйеге келтіруіміз тым ұзап кетті. Қашанға дейін созыларын да білмеймін. Жұрттың «өлңара» дегені 4-5 жылда бітеді, біздікі 26 жыл болса да бітер емес. Жүйе болмағаннан кейін жөнсіздік болады. Жалпы, жүйемен істеп жатқан бір де бір сала жоқ...
- Жаңа сөзіңізде жөнсіздік деп айтып қалдыңыз. Мысалы қазақ сахнасындағы сауатсыздық пен мәдениетсіздіктің көбеюіне не себеп деп ойлайсыз?
- «Қазақ сахнасы өйтіп кетті, бүйтіп кетті» деп мен айта алмаймын, себебі театрдың адамы емеспін. Сауатсыздықтың көбеюі тағы да жүйенің жоқтығы. Телеарналар мен радиоларда, театрда біздің кезімізде «көркемдік кеңес» деген болатын, қазір соны қайта ашуға не кедергі? Қазіргі сахнада "Мырқымбай" әншілерге толып кеткен. Мен Мақпал Жүнісованың өзін әнші деп санамаймын, Нағима Есқалиеваны да. Жұрттар мұны естісе құлап қалуы мүмкін. Қазақта даусы ондай әнші көп. 1970-жылдардың аяғында «Мақпал әнші боламын дейді» деген мақала шыққан, онда оның дауысының жоқтығы, көкірегінің зорлығы айтылып еді. Біз оларға өкпелеп жүргенде, тек қана фонограммамен айтатын, тіпті даусы жоқтар қаптады. Ал осы жерде көркемдік кеңес ашуға қолында құзыры бар адамдар оны әдейі ашпай отыр деп ойлаймын. Жаңағы ақшасы бар бір әншінің шешесі келеді, бір әншінің әкесі келеді де ақша арқылы ұл-қызының әнін теледидардан күні-түні беріп қояды. Сосын ол «жұлдыз» болмағанда кім болады?! Сен «Хабарға», «Қазақстанға» сұрақ қойшы. «Сіздерде көркемдік кеңес бар ма, жоқ болса ашуға не кедергі?» деп. Олар жүз түрлі сылтау айтуы мүмкін, бірақ сол әншілерден ақша алып жатырмыз деп ешуақытта айтпайды...
- Бір сөзіңізде осы уақытқа дейін депутат болған жұлдыздарды сынға алған едіңіз. Ал егер өзіңіз депутат болсаңыз нақты қандай үш мәселеге назар аударар едіңіз?
- Біріншіден, қазіргі заманда депутат болғым келмейді, депутат деген қазір «партияның құлы». Көзбояушылықпен бір-екі адамды отырғызып қойған, оларды ешкім тексеріп жатқан жоқ. Барлық игіліктің, ізгіліктің бастауы - шынайылық, онсыз ештеңе нәтиже бермейді. Депутаттар не бітіріп отыр? Мен 2014 жылы Ақтөбеде «Қазақия» деген газет шығардым, сонда «Принципі жоқ Парламент кімге керек?» деген мақала жазып едім, газетімді Парламентке кіргізбей қойды. Осы ма шынайылық? Содан Мәжіліс төрағасына «Бұларыңыз ұят емес пе?» деп хат жазуға мәжбүр болдым. Сондықтан депутат болғым келмейді. Депутаттардың қолынан түк келмейді...
Ал үш мәселе дейтін болсақ, Алдан Айымбетов деген кісі болған, қазақтың бүкіл журналистері жабылып бір Айымбетовтың істегенін, айтқанын істей алмаймыз... Сол кісі «мен Ақпарат министрі болсам, маған үш ай жетеді» дейтін. Сол сияқты мұндай жерге барсақ істейтін нәрсе көп. Ең бірінші кезек күттірмейтін, қатар атқрылар кем дегенде 7-8 мәселені айтуға болады. Мысалы, қазақтың тілі, мектептің білімі, ғылымның жағдайы, көші-қон, жер дауы деген сияқты. Біздің елде істейтін нәрсе өте көп...
- Бүкіл елді шулатқан Баян Мақсатқызының «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» сериалын сынға ала отырып жазған едіңіз. Оның қазақы тәрбиеге сай келмейтіндігін де дәлелдедіңіз. Бұндай тарихи кинолардың шығуына тек Баян Мақсатқызы ғана емес, бәріміз де кінәлі секілдіміз. Себебі тарихқа немқұрайлы қараймыз. Қалай ойлайсыз, осыған тапсырыс берген Ұлттық арна неге ұлтжанды продюсерге таңдау жасай алмады?
- Біріншіден, тапсырыс берген деудің өзі нақты сөз емес. Бұл сұрақты соларға қою керек. Және олар ұлтжанды продюсерге таңдау жасай алмады. Неге қазақша тарихты, қазақша эпосты неге қазақша қақпайтын адам түсіреді? Бұның айтылатын, айтылмайтын себебі көп. Ал бірақ, сондай жағдайға келуімізге бәріміздің де кінәміз бар, ол рас! Бірақ бәріміз де кінәліміз деу - жауапкершіліктен құтылу деген сөз. Жауапкершілікті нақты адамға қою керек. Оған сол түсіргендер жауап берсін! «Қазақстан» телеарнасының бас редакторы пәленбай бет мақала жазды. Ал, сол қатенің бәрін киноны жарыққа шығарарда неге көрмеді? Жауап бере алды ма? Жоқ! «Кессеңдер, басым осы» деді де қойды. Яғни, телеарнада бірлік жоқ деген сөз бұл! Бірін-бірі тыңдамайды деген сөз. Міне, жауапкершілік солардың қолында!
- Өткенде Баян Мақсатқызы кеңсесі тоналғанын жариялады. Белгілі блогер Айгүл Орынбек бұл ісінің жалған болуы мүмкіндігін айтты. Сіздіңше продюсер құжаттардың көзін жою арқылы ушыққан мәселені жабуы мүмкін бе?
- Әңгіме Баянда емес, ол болмаса Саян, әйтпесе Таян шығатын еді. Мен Баян туралы айтқым да келмейді! Мен бұған жоламай жүр едім, өткенде мақала жазғаныма да әкесінің араласуы, қызын ақтауы сеп болды. Ерінбей отырып екі сериясын көрдім, арғы жағын көруге шыдамым жетпеді, шынын айтқанда құсқым келді. Баян туралы айтып отырмын ғой, негізі Баян не істесе оны істесін, біз өз тарапымыздан ондайларға жол бермеуіміз керек. Болды, басқа мәселе жоқ! Әркім өзінің тиісті жұмысын істесін! Бізде өз жұмысын жөнді істемейді, істесе өз білерінен артыққа аттап баспайды, көпшіліктік мәселе ғой, оған үлес қосайын демейді.
- ҚР «Рухани жаңғыру» аясында әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіру керек деген шешім шығарылды. Сіздің латын әліпбиін қолдамайтыныңызға көзім жетті. Ал латынға қарсы жандарды кейбір блогерлер Ресей саяасатының шеңберінен шыға алмаушылыр деп баға беріп жатыр. Сіздің оларға берер жауабыңыз бар ма?
- Біз латын әліпбиіне көшкеннен ешқандай пайда таппаймыз. Ол ешқандай жеңілдік әкелмейді. Біз латын тұрмақ, ағылшын тіліне көшіп кетейік, қазақ тілді халық емес, ағылшын тілді халық болып кетейік, ол да түк бермейді. Тіл - құралдың бірі ғана. Мысалы, «ойбай, түрік халықтары бірігеміз, бір-біріміздің жазғандарымызды оқи алатын боламыз» дейді. Өтірік! Совет заманында біз біріміздікін біріміз оқыдық па? Ешкім оқыған жоқ! Себебі әркімнің тілі басқа. Басқа әліппеге анық кіретін болсақ, онда сонау Орхон-Енисейдегі 42 дыбысты 26 әріппен беретін ата-бабалық нұсқаға көшуіміз керек. Өйткені ол өз әліпбиіміз, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз. Біздің ата-бабамыз 2 мың жыл бұрын өркендеген халық болған. Мен өзім тікелей сол нұсқаға көшер едім. Екіншіден, латын әліпбиінен соншалық пайдалы болатын болса бірінші еврей көшетін еді, көшкен жоқ қой. Қытай көшер еді, Жапония көшер еді. Өйткені жүз жылдан кейін халықаралық тіл қайсысы болатыны белгісіз. Мысалы, бұдан жүз жыл бұрын ағылшын тілі халықаралық тіл болды ма? Жоқ. Ертең қай тіл боларын білмейсің, дүние ауысып тұрады. Оны айту қиын. Анық көшетін болсақ, еліміз 1928 жылы қабылдаған латын әріпіне көшу керек. Басқа бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ.
- Қай сөзіңізде болмасын ұлшылдық, қазақ мүддесін ұран етіп айтып жүресіз. Осы тұста қазақ жастарының қандай болғанын қалар едіңіз?
- 2016 жылдың жазында жер дауы болды. Біздің облыста жастар оған біз сияқты бел буып кіріскен жоқ. Мен таң қалдым! Барлық заманда үлкендер жастарға қапа болған. Бұрын да қапа болған, қазір де бар қапашылық. Ең жаманы - қазір біздің қазақтың алдында не көшке ілесу, не өшу деген екі-ақ нәрсе тұр. Қазір мынау дамыған заманның қарқынының қаттылығы сұмдық. Өте қатты! Бұған дейін ондай қарқын болған емес. Біздің байлығымыз өзіміздің сорымыз. Бүгінде көп ел жер астындағы байлығымызды тауысқан күннің өзінде жерімізге қызығады. Біз төніп келіп қалған тажалды көзімізбен көре білмесек, «болашағымыз керемет, жарқын» деп жүре берсек, бәрінен айырыламыз. Алдымен жерден, кейін мемлекеттен. Мемлекеттің бәрі бейбіт заманда ыдырайды. Меніңше, жастар алдына бір-ақ мәселе қою керек. Ол - жаппай білімге ұмтылу! Білім, тек қана білім! Бүгінде бізді құтқаратын білім мен намыстан басқа ештеңе жоқ!
- Көкейде жүрген сұрақтарға жауап алдым! Сұқбатыңызға рақмет!
Автор: Назерке Бимахан,
ERNUR.KZ